Тараз – Шымкент трассасындағы жол апаты: жүк көліктерінің қозғалысына шектеу ұзартылды

"ҚазАвтоЖол" компаниясының хабарлауынша, Тараз – Шымкент бағытындағы трассада орын алған жол-көлік оқиғасынан кейін енгізілген жүк көліктерінің қозғалысына қойылған шектеу 6 маусым түнгі 00:00-ге дейін ұзартылды.
Апат 4 маусым күні Түркістан облысындағы Келтемашат елді мекенінің маңында болған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Shacman маркалы ұзындығы 43,8 метрлік жүк көлігінің тежегіш жүйесі істен шығып, техника жолдың үстіне құлаған. Оқиға салдарынан 220 метр жол бойындағы қоршау бүлінген.
Алғашында шектеу 5 маусым сағат 05:00-ге дейін, 534–593 және 593–674 шақырым аралығындағы жол учаскелеріне енгізілген болатын.
5 маусым күні ұлттық компания жол қызметтері ауыр техниканы қайта жолға шығару жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.