Telegram Қазақстанда кеңсесін ашады
Бұл туралы министрлік мәлімдеді
Telegram Қазақстандағы өкілін тағайындап, кеңсесін ашады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев АҚШ Сауда палатасымен және Meta мен Apple сияқты ірі америкалық компаниялардың өкілдерімен кездесулерінде айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кездесулерде мәліметтер қауіпсіздігі, жалған аккаунттармен күрес және пайдаланушыларды қорғауға қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Бұл тақырыптар қазақстандықтардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ерекше маңызды.
Министрлік сонымен қатар Meta компаниясымен алаяқтық схемаларға қарсы күрес жұмыстарын бастауда. Интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл — ортақ күш-жігерді қажет ететін жаһандық міндет. Meta өкілдері Қазақстан тап болып отырған интернет алаяқтық көптеген елдер үшін ортақ проблема екенін атап өтті. Соңғы тоқсанда Meta жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, әлем бойынша 1,2 миллиард жалған аккаунтты бұғаттады.