ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында бірқатар өңірлер әкімдерінің туризмді дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамаларын тыңдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыстың туристік саласын дамытудың негізін 5 басым бағыт қалыптастыратынын атап өтті: Алакөл және Балқаш көлдері, «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктері, сондай-ақ Жоңғар Алатауының тау жотасы.
Соңғы үш жылда облыста туризмді дамытуға мемлекеттік бюджеттен 58,5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 2025 жылы – 30,2 млрд теңге. Бұл облыстың даму бюджетінің шамамен 30%-ын құрайды.
Әкімдіктің мәліметінше, аймақтың туристік индустриясы тұрақты өсім көрсетуде. Мониторинг қорытындысы бойынша 2025 жылы туристер саны 11%-ға артып, 2 млн адамды құрады, оның ішінде шетелдік туристер саны 60%-ға – 4,2 мыңнан 6,7 мың адамға дейін өсті. Көрсетілген қызметтер көлемі 17%-ға артып, 7,7 млрд теңгеге жетті, нөмірлік қор 23 мың төсек-орынға жетті.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде негізгі туристік орталық ретінде Балқаш және Қарқаралы курорттық аймақтары белгіленгенін баяндады.
2025 жылы облыс 370 мың турист қабылдады, көрсетілген қызмет көлемі 8 млрд теңгені құрады, жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысына келетін туристер саны жыл сайын артып келе жатқанын хабарлады.
Жедел деректер бойынша 2025 жылы өңірге 500 мыңнан астам турист келді, көрсетілген қызметтер көлемі 17 млрд теңгеден асты, өсім 13%-ға артты. Мемлекет басшысының халықаралық әуе қатынасын ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылы Ақтау – Дубай және Ақтау – Нүкіс 2 халықаралық рейсі іске қосылды.
Бүгінгі таңда Ақтау қаласының әуежайы 16 халықаралық бағыт бойынша жұмыс істейді.
Әкімдіктің мәліметінше, мемлекеттік қолдау көрсету шеңберінде 10% көлемінде жалпы сомасы 269,5 млн теңгеге 2 жоба субсидияланған.
2025 жылы жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба аяқталды, 110 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ Ақтау қаласының Бас жоспарын өзектендіру жұмыстары аяқталды.






