«Қуандық түнде бақсыларға баратын». Бишімбаевтың сотында Салтанат Нүкенованың ағасы тараптардың сұрағына жауап берді
Астанада Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Экс-ұлттық экономика министрінің сотында Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді зардап шегуші тарап ретінде сөз сөйледі, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Айтбек Амангелді өз сөзінде қарындасымен арасындағы жазылған хаттарды оқыды. Оның айтуынша, қарындасы былтыр үйінен 8 рет кеткен екен. Көп жағдайда Салтанат Нүкенова құрбыларының қасына баратын. Ал, кейде өз қаржысымен қонақ үйде де тұрған.
"Мен бұны түсіндіріп бере алмаймын. Ақшаны қайдан алғанын білмеймін. Мүмкін ата-анасы беріп тұрған шығар. Ол тұрмысқа шыққанға дейін, кейін де ақша беріп тұрдық. Олар үйленгеннен кейін Салтанат ақша сұраса, беріп тұрдым", - деді ағасы.
Прокурорлардың сұрағына жауап бере отырып ол Салтанат Нүкенованың Қуандық Бишімбаевпен екі рет неке қидырғанын айтты. Белгілі болғандай, Қуандық Бишімбаев бұрынғы әйелін үнемі аңдып отырған. Телефонына қосымша енгізіп қадағалауды күйшейткен. Тіпті әлеуметтік желіні шектеп, келген хабарламаларын тексеріп отырған. Оның сөзінше, Бишімбаев балгерлерге жиі барып тұрған.
"Менің білетінім, Қуандық Бишімбаев балгер, көріпкелдерге баратын. Салтанат мұны маған айтқан күні олар бірге барған екен. Ол маған көріпкелдерге неге түнде баратынын білмеймін дейтәін. Ол өзі де мұны түсіне алған жоқ. Өзі де сұрақтарына жауап ала алмайтын. Бірақ жиі барып тұратынын айтатын", - деді Айтбек Амангелді.