Вице-президентке қандай қызметтер жүктеледі
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев вице-президент лауазымына жүктелетін міндеттер мен шектеулерді түсіндірді.
Министрдің айтуынша, вице-президент өкілді органның депутаты бола алмайды, қандай да бір өзге ақылы қызмет атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партияларға мүше болуға тыйым салынады.
Вице-президент үшін белгіленген шектеулер, оның ішінде партияға мүше болмауы, депутаттық мандатқа және басқа ақылы қызметтерге тыйым салу елдің Ата заңымен бекітілген талаптарға ұқсас.
Сонымен қатар, вице-президент Президенттің тапсырмасы негізінде елдің халықаралық деңгейдегі өкілдігін жүзеге асырады, негізгі мемлекеттік институттармен өзара байланыс орнатады, сондай-ақ азаматтық қоғам, ғылыми, мәдени және сараптамалық орта өкілдерімен диалогты дамытуға атсалысады.
Аталған өкілеттіктер базалық сипатқа ие және қажет болған жағдайда Президент тарапынан нақтылауы мүмкін.
Егер вице-президент қандай да бір себептермен Президент өкілеттігін қабылдай алмаса, бұл өкілеттік Құрылтай төрағасына беріледі. Ал ол да мүмкін болмаған жағдайда, Президенттің міндетін Премьер-Министр атқарады.