Елімізде

Қысқы Олимпиада алдындағы дайындық шаралары Үкімет отырысында қаралды

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді

Бүгін Үкіметте 2026 жылғы ХХV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Премьер-министр Үкімет отырысында Олимпиада ойындары еліміздің халықаралық имиджін нығайту ісінде өте маңызды рөл атқаратынын баса айтты. Еліміздің спортшылары әлемнің басты байрақты бәсекелеріне өздерінің және тәлімгерлерінің табанды еңбегі нәтижесін ғана емес, бүкіл ұлтымыздың абыройын қорғау үшін бақ сынайды.

Сонымен қатар жиында Премьер-министр Олжас Бектенов салалық спорт федерациялары спорт түрлерін дамыту және спортшыларды жан-жақты даярлаудағы басты рөл атқаратынын атап өтті. Солардың деңгейінде ұлттық командалар, жаттықтырушылар құрамы мен спорт резерві жасақталып, нақты спорт түрлерін дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы айқындалады.

2024 жылы Канвон қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылардың табысты өнер көрсетуін спорт резервін дайындаудың маңызды нәтижесі ретінде атауға болды. 

Премьер-министр байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалғанын атап өтті. Осыған байланысты барлық дайындық шаралары толық көлемде аяқталуы қажет.

Олжас Бектенов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша салалық министрліктерге бірқатар тапсырма берді. 

Туризм және спорт министрлігі Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етсін.  

Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы жан-жақты көмек көрсету тапсырылды.

Бюджет қаражатын тиімді пайдалануға баса мән беру қажет.  

Туризм және спорт министрлігі Ұлттық паралимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық команданың қысқы Паралимпиада ойындарына дайындық жұмыстарын күшейтсін. 

Туризм және спорт министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге тиісті ақпараттық қолдау көрсетіп, қазақстандық спортшылардың Олимпиада ойындарындағы жарыстарының телевизиялық трансляциясын қамтамасыз етсін. 

Ойындардың нәтижесі бойынша қол жеткізілген жетістіктердің әділ бағасын бере отырып, жан-жақты талдау жүргізу қажет. Сонымен бірге олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамыту туралы нақты ұсыныстар әзірлеу керек.

Жалпы бақылау және үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.