Қызылордада алдағы үш жылда 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Бұл туралы ОКҚ алаңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айтты
Қызылорда облысында алдағы үш жылда 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді , деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл туралы ОКҚ алаңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айтты.
Оның айтуынша, былтыр Қызылорда облысында 13 білім беру ұйымы ашылған. Ал, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілген. 2023 жылдан бастап 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Нәтижесінде өңірде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Сонымен қатар, Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына жаңадан білім ордасы салынды. «Білімді қолдау қоры» арқылы 2 млрд 333 млн теңгеге Мергенсай ауылында салынған 150 орындық мектеп жақын күндері пайдалануға беріледі. Аталған қор есебінен 8 млрд 400 млн теңгеге физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты салынды.