Қызылордада санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт салынады
- авторБақытжан Бекболат
- 12 маусым, 2025
- 172

Қызылордада испаниялық Roca Group компаниясымен бірлесіп ірі өндірістік жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жоба шеңберінде санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт салынып, ол ішкі нарықты қамтумен қатар, шетелге өнім экспорттауға бағытталмақ.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, жобаға тартылатын инвестиция көлемі 70 миллион еуроны құрайды. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өңірде 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін біз шетелдік инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Өткен жылы Roca Group компаниясымен Қызылордада өндіріс орнын ашу мәселесін талқыладық. Компания санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Roca Groupпен бірлесіп өндірісті бастау туралы негіздемелік келісімге қол қойылды», – деді өңір басшысы.
Аталған зауыт Орталық Азиядағы осы саладағы ең ірі жобалардың бірі болмақ.