Елімізде

Жаңа жылдан бастап құжат рәсімдеу құны өседі

Бұған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге көтерілуі себеп.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірқатар ресми құжаттарды рәсімдеу құны өседі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге көтерілуі себеп. 

АЕК көлемі 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте бекітілген.

АЕК ұлғаюымен бірге мемлекеттік баждар да қайта есептеледі. Нәтижесінде келесі жылы бірқатар құжаттарды алу құны жоғарылайды:

Құжаттарды рәсімдеу бағалары:

24 беттік паспорт (16 жасқа дейін) – 17 300 теңге (4 АЕК). Былтырғы баға – 15 728 теңге.

36 беттік паспорт – 34 600 теңге (8 АЕК). 2025 жылы – 31 456 теңге.

48 беттік паспорт – 51 900 теңге (12 АЕК). Биыл – 47 184 теңге.

Жеке куәлік – 865 теңге (0,2 АЕК). 2025 жылғы құны – 786 теңге.

Жеке куәлікті бір жылда екі реттен артық жоғалтқандар – 1 АЕК, яғни 4 325 теңге төлейді.

Жүргізуші куәлігі – 5 406 теңге (1,25 АЕК).

Неке қию туралы куәлік – 1 АЕК (4 325 теңге).

Ажырасуға өтініш беру – 8 650 теңге (2 АЕК). Биылғы 7 864 теңгемен салыстырғанда қымбат.

Туу туралы куәлік бұрынғыдай тегін беріледі.

Алайда құжат жоғалған немесе қайтадан рәсімдеу қажет болған жағдайда 0,5 АЕК (2 163 теңге) төленеді.

Мемлекеттік баждан босатылатын азаматтар:

Кейбір санаттағы адамдар үшін құжаттарды рәсімдеу ақысыз қалады. Бұл топқа мыналар кіреді:

Ел қорғаны мен жоғары мемлекеттік марапат иегерлері

«Күміс алқа», «Алтын алқа» және басқа да көпбалалы аналарға арналған мәртебе иелері

Соғыс ардагерлері мен жауынгерлік қақтығыстарға қатысушылар

Мүгедектігі бар адамдар және мүгедек баланы бағып отырған ата-аналар

Әлеуметтік мекемелердегі қарттар

Жетімдер және толық мемлекеттік қамқорлықтағы балалар

 

Чернобыль апатының зардаптарын көргендер