Елімізде

Құжатында ұлты жазылмаған қандастардың қазақ екенін енді комиссия анықтайды

Ал ұлты қазақ екенін айқындау ережелерін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекітеді

Парламент сенаты мәжіліс қабылдаған халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Сенат депутаты Советбек Медебаевтың айтуынша, заңда қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін тиісті нормадар көзделген. Дәлірек айтқанда, үміткерлердің жеке басын куәландыратын немесе ұлтын растайтын басқа да құжаттарда ұлты жазылмаса, әкімдік құрған арнайы комиссия тиісті шешім қабылдайды. 


Бұған қоса ғылыми дәрежесі бар қандастарға қандас мәртебесін алған сәттен бастап 5 жыл ішінде қоныстандыру өңірінен басқа өңірлерге мемлекеттік жәрдемақыны қайтармай өз еркімен көшу құқығы беріледі. 


Сондай-ақ қандастарды қабылдаудың аумақтық квотасына қандастардың жесірлері мен олардың ортақ балалары да енгізіледі. Осы заң арқылы үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатындарға да жағдай жасалып отыр. Енді қоныс аударушыларға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейін уақытша қысқа мерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. 


Егер қоныс аударушы тұрақты тұрғылықты жерін бастапқы 5 жыл мерзімі ішінде ауыстыратын болса, онда жер пайдалану құқығы тоқтатылады. Сонымен бірге, қоныстану өңірлерінде 5 жылдан астам уақыт тұратын қоныс аударушылар жаңа мерзімге ұзақ мерзімді жер пайдалану шартын жасаса алады. Депутат келтірген статистикаға сүйенсек, отыз екі жыл ішінде Қазақстанға 1 млн 128 мың этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алған. Бұл ел халқының 5,6%-ын құрайды.