дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ақын мұрасы насихатталды

Ақын мұрасы насихатталды
ашық дереккөзі
Ақын мұрасы насихатталды

Абай бізбенен мәңгі бірге, өйткені Абай шығармалары ұлттық өнерді дамытудың жаңа бағыты ретінде қызмет атқарып келеді. ХХІ ғасырда қазақ әдебиеті Абай дәстүрін жалғастыра отырып, өсті, жетілді. Абай - ұлтымыздың туы. Абай адам өмірін мағыналы етуді, ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды жастарға өсиет етті. Осы ретте, ақынның 175 жылдығына орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Абай оқулары» атты аудандық байқауын ұйымдастыруда. Байқау 18 тамыз бен 21 тамыз аралығында өтті.

Байқаудың мақсаты – қазақтың ұлы ақыны Абай мұрасын кеңінен насихаттау, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын ояту, қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын насихаттау, Абай және басқа да қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын орындау арқылы қазақтың көркем әдебиетіне жастардың ықыласын арттыру.

Байқауға барлық топтағы оқырмандар қатыса алады. Ол үшін ақынның шығармаларындағы білім, ғылым және өнер тақырыптарында өрілген поэзиялық 20 өлеңі мен үш қара сөзін жатқа мәнерлеп оқу қажет.

Байқаудың қорытындысы 21 тамыз күні жарияланып, қатысушылар марапатталатын болады.

Байқаудың алғашқы күні Көкбастау ауылдық округіндегі Бақалы ауылдық мәдениет үйінде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

Шара барысында ауылдық кітапхана қызметкерлері кітап көрмесін жасақтаған. Қатысушылар мен кітапханашылар ұлттық киімдерді киіп, ұлттық құндылықтарымызды да дәріптеуді ұмытпаған.

Байқаудың алғашқы күнінде Көктөбе ауылдық кітапханасының оқырманы Алуа Әмірхан, Қосбөлтек ауылдық кітапханасының оқырманы Назерке Бектемір, Теріс ауылдық кітапханасының оқырманы Нұрислам Молдабай, Бақалы ауылдық кітапханасының оқырманы Жансезім Нұржан, Нұрлыкент ауылдық кітапханасының оқырманы Нұрзада Джалелова өнер көрсетті.

Әр қатысушы байқау талаптарына сай, яғни екі кезеңде кезегімен ортаға шығып, ақынның шығармаларын мәнерлеп оқыды. Оқырмандардың ішінде өлеңді оқу мәнерімен Алуа Әмірхан  және 3 сынып оқушысы Нұрислам Молдабай ерекше көзге түсті. Әсіресе, байқаудың ең кішкентай қатысушысы Нұрисламның өнеріне көпшілік сүйсінді. Қатысушылар «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Қыс», «Күз», «Білектей арқасында өрген бұрым», «Құлақтан кіріп бойды алар», тағы да басқа өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, Абайдың бірінші, он алтыншы, он тоғызыншы, жиырма үшінші, жиырма төртінші, тағы да басқа қара сөздерін жатқа оқып, көпшілікті ақынның шығармаларымен сусындатты.

Шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы қорытындылай келе, қатысушыларға алғысын білдіріп, оларды Көкбастау ауылдық округі әкімінің Алғысхатымен марапаттады.

* * *

Дәл осы байқау түс ауа Жаңаталап ауылдық клубында жалғасын тапты. Мұнда да Абайдың мерейтойына орай стенділер жасалып, кітапханашылар кітап көрмесін дайындаған. Байқауға Бәйтерек, Жаңаталап, Ақтөбе, Сұрым ауылдық кітапханаларының оқырмандары Нұрданай Орынбаева, Күнсұлу Абдуғаппарова, Әмина Мақұлбек, Бифатима Лесбек, Назерке Талғатқызы қатысты.

Аталған шарада да қазақтың ұлттық киімін киген қатысушылар кезегімен ақынның өлеңдерін, қара сөздерін мәнерлеп оқып шықты. Қатысушылар «Жүрегім ойбай соқпа енді», «Заман ақыр жастары», «Мен сәлем жазамын», «Сенбе жұртқа тұраса да қанша мақтап», «Қараша, желтоқсан сол бір екі ай», «Ғашықтық  тілі - тілсіз тіл», «Жүрек теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» сынды тағы басқа да өлеңдерін, «Ескендір поэмасынан үзінді және бірінші, жетінші, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, отыз бірінші тағы басқа да шығармаларын жатқа айтты.

Бұл ауылдағы балалардың мәнерлеп оқуын көпшілік ұйып тыңдап, өнерлеріне сүйсінді. Барлық бала өнерлі. Әрқайсысының оқу мәнері, сахнада өз-өздерін ұстауы, ең бастысы ақынның шығармасындағы ойды жеткізе алуы еңбектің, ізденістің нәтижесін көрсетті. Өнерге, ақынның мұрасына деген жанашырлығын танытты. Жауапкершілік танытып, ойлы жас болуы, Абайдың мұрасымен сусындауы – олардың өнер мен білімге ден қойғандығын айқындап отыр.

Аталған байқау мәресіне жетіп, сөз кезегін Жаңаталап ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Райкүл Абдумомынова алды.

-«Ел іші – өнер кеніші» демекші, өнерлі жастардың ауыл ішінде көптеп кездесетініне көзіміз жетіп отыр. Бүгін балалар Абайды қайта тірілті. Бізді Абаймен қауыштырды. Ақын бізбен мәңгі бірге екенін ұғындырды. Ешқандай қатысушыны бір-бірінен бөліп-жармаймыз. Барлығы да өнерлі әрі талапты. Әр баланың оқыған өлеңінен, қара сөзінен біз Абайдың ойын тағы бір рет ұғып отырмыз. «Қалың елім қазағым» деп жырлаған ақынның мұрасын дәріптеп отырған мұндай жастар барына біз қуанамыз. Жастардың болашағынан зор үміт күтеміз. Өнерлерің өрге жүзе берсін, - деп жақсы пікірін жеткізді.

Иә, мұндай мағыналы кештерді, өнерлі өнерпаздарды бізбен бірге сахнада да сағынғандай... Шара барысында залдың ішін тыныштық жайлап, тек балалардың өнерлерін тамашалауда болдық. Жүректен жүрекке жеткен өлең жолдарын іштей қайталап, оқи берсе екен деген ойдамыз.. Яғни, өнер ешқашан жұтамайтынын, өнермен адам рухани байитынын сезінудеміз. Әсіресе, Абайдың мұрасы мәңгі жасайтыны бүгінгі байқау барысында анық байқалды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

Жуалы ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар