Абайдың аудармалары
Абайдың аудармалары
Абай жасаған аудармаларды түпнұсқамен салыстыра қарап отырсақ, Абайдың орыс тілін өте терең меңгергенін байқаймыз. Сонда Абай орыс тілін қайдан, қалай үйренген? Көптеген адамдарға Абайға орыс тілін үйреткен демократ-революционер Михаэлс секілді болып көрінеді. Бұған Абайдың: «Өмірге көзімді ашқан Михаэлс»,-деген сөзі себеп болған секілді. Михаэлс Абайға ғылымды өз салалары бойынша жіктеп, нені оқуды, қалай оқуды айтуы мүмкін, ал орыс тілін үйретті деген пікірге өз басым күмәнмен қараймын. Оның үстіне, жігіт ағасы жасына жеткен шағында Михаэлспен кездескен Абайдың, онымен сөйлесуі үшін де орысша білуі керек емес пе? Себебі, Михаэлс қазақша біліпті деген дерек еш жерде жоқ. Ғылым үшін ұсақ-түйек нәрсе жоқ,-деген қағиданы еске алсақ, Абайдың орыс тілін қайдан, қалай үйренгенін білу ұсақ-түйек нәрсе емес. Сонда Абай орыс тілін қайдан үйренген? Бұл орайда біздің айтарымыз мынау: Біріншіден, Абайдың әкесі Құнанбай аға сұлтан, тобықты руының старшыны болып ел басқарғанда, сол кездегі қазақтан шығып ел басқарған болыс-сұлтандардың көбі секілді сауатсыз әрі орыс тілін білмегендіктен, ел басқарудағы іс-қағаздарды орыс тілінде жүргізіп отыратын хатшылары, тілмаштары болған. Абай өз ауылындағы осы аудармашы-хатшылар арқылы бала кезінен ауылда орыс тілін естіп өскен. Бұл Абайдың орыс тіліне деген қызығушылығын ерте оятуы ғажап емес. Лингвист-ғалымдардың пікірінше тілді үйрену үшін оған құлақты ерте кезден жаттықтырып, сол тілдегі сөздерді түсінбесе де естіп жүрудің маңызы зор. Екіншіден, Абай үш ай «приходская школада» оқыған. Абайдың баласы Тұрағұлдың естелігінде айтылғандай, табиғат Абайға өмірде сирек кездесетін қайталанбас ғажайып жады (память) сыйлаған. Сондықтан да Абай үш ай орыс оқуында, тіл үйренуде жұрттың 1-2 жылда жететін жетістігіне бірден жетуі бек мүмкін. Үшіншіден, Абайдың тоқал шешесі Айғыздан туған Халиолла деген бауыры орысша оқыған. Тарихи-мұрағаттық құжаттарда расталғандай, ол 1863- 1869 жылдары Омбыдағы Шоқан Уәлиханов оқыған Кадет корпусына түсіп, оны бітіріп, "корнет" атағын алып, офицер болып шығады. Бұдан соң, Халиолла Москвадағы Павловский ковалерский школды бітіреді. Орыстың атақты оқымысты-ғалымы Г.Н.Потанин Халиолла туралы мынандай мәлімет келтіреді: «Маған Омски-Кадетский корпусын бітірген, кейін Семейдің қасындағы туған жері-қырда тұрған, қырғыздың бір сұлтаны (осы күнде қайтыс болған Өскенбаев) туралы біреу әңгіме айтты. Ол кешке жақын өзінің жерлестеріне орыс романдары мен повестерінің мазмұнын түсіндіруші еді, ал қырғыздар оны сондайлық ынтамен елти тыңдап, одан айтқандарын жазып беруді сұрайтын, соның нәтижесінде Тургенев, Лермонтов, Толстой, тағы басқалардың шығармасын ойша аударған дәптерлер пайда болған. Кей уақыттарда мұндай әдебиет кештерінде кигіз үйдің ішінде өзара таластар туатын, сол мезгілде дейді көрген адам Өскенбаев орыс беделіне сүйенетін де: "Тыңдаңыздар, бұл жөнінде орыстың беделді сыншысы Белинский не дейді екен",- не болмаса "бұл жөнінде орыстың сыншысы Добролюбов былай деген",- деп түсінік беріп отырады екен. Cанкт-Петербургтегі мемлекеттік мұрағаттан Әлкей Марғұлан тапқан деректерге қарағанда Халиолла Өскенбаев жастығына қарамай үлкен оқымысты болған секілді. Ол профессор И.Н.Березинге және Шоқанның ұстазы Н.Ф.Костылецкийге қазақ халық ауыз әдебиетінің Жиренше шешен, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Еңлік-Кебек секілді нұсқаларын жазып беріп, олармен тығыз ғылыми қарым-қатынаста болған. Ал, Потаниннің жазуына қарағанда Халиолла Өскенбаев сол кездегі орыстың ақыл-ой алыптары Белинский, Добролюбовтармен қатар, орыс классик жазушылары Толстой, Тургенев, Лермонтовтарды жақсы білген. Білім құмар Абай, орыс оқуын бітірген, оқымысты офицер інісі Халиолла арқылы орыс классиктерімен ерте кезден таныс болуы әбден мүмкін ғой. Оның үстіне Абай әкесі Құнанбай арқылы ел басқару ісіне ерте кірісіп, орыс ұлықтарымен де ерте араласқанын есте тұтып, жоғарыда келтірген дәйектерге сүйене отырып айтарымыз: Абай орыс тілін біз ойлап жүргендей отыздан асқанда емес, одан көп ерте білген деуімізге толық негіз бар секілді. Михаэлс арқылы ғылымды сала-сала бойынша кейінірек меңгерген Абайдың: «Қолымды мезгілінен кеш сермедім»,- деген сөзін перде етіп, Абай орыс тілін кеш үйреніп, орыс классик-жазушыларымен кеш танысқан деген пікір қалыптасып кеткен. Абайдың бұл жерде "қолымды мезгілінен кеш сермедім"- деп өкінуі, орыс тілін білуге байланысты емес, жалпы ғылымды меңгеріп игеруде кешіктім, уақытты босқа өткізіп, кеш бастадым,- деп өкінуі екенін дұрыс түсінгеніміз мақұл. Қалай десек те, Абай орыс тілін өте жақсы біліп, терең меңгерді. Оған дәлел Абайдың аудармалары. Абай өзінің аудармаға арналған шығармашылық жылдарында үлкенді-кішілі 50-ден астам шығарманы орыс тілінен қазақшаға аударыпты. А.С.Пушкиннің "Евгений Онегин" романынан 7 үзінді, М.Ю.Лермонтовтан 27 өлең, И.А.Крыловтан 12 мысал және әр түрлі авторлардан 7 өлең аударған. Аудармаға қойылатын негізгі талап, мүмкіндігінше түпнұсқаның, сол шығарманың мазмұн-мәнін, көркемдік қасиетін толық сақтап, басқа тілді оқырманға төкпей-шашпай жеткізу. Ал, Абай түпнұсқаны бар қалпында жеткізуді мақсат етпеген. Аударған шығармаларының көбін, Абай өз көңіл-күйіне үйлестіре қысылмай, қымтырылмай еркін әңгімелейді. Ақынның кейбір аударма өлеңдері түпнұсқамен жолма-жол бірдей келсе, ал кейбір өлеңдері түпнұсқаға мейлінше жақын келіп үндес шығып жатады. Ал, еркін аударылған аудармалар өлеңнің мағынасын бастан-аяқ дәл, тура жеткізбей, аудармашы ақын Абайдың сол кездегі көңіл-күйіне сәйкес еркін жырлап кететіні бар. Біз мұны Абай аудармаларының өзіндік ерекшелігі дейміз. Абай орысша тексті көбіне-көп дәлме-дәл аударуды алдына мақсат етіп қоймаған секілді. Мұның негізгі себебі, ақын сол кездегі қазақ оқырмандарының білімін, ұғым-түсінігін, ойлау ерекшелігін ескерсе, екіншіден өзі жақсы білген Шығыстың классикалық поэзиясының "Назира" үлгісін пайдаланған ақын, оқиға желісінің негізін сақтай отырып, мысалдағы жағдайларды қазақ өміріне, түсінігі мен ойлау ерекшелігіне жанастыра отырып, өзінше бейнелеуге ұмтылған. Мысал үшін, Шығыс ақындары жырлаған "Ескендір" тақырыбын Абай "Назира" үлгісінде өзінше жырлап, "Ескендір" поэмасын жазған. Шығыс әдеби дәстүрін жақсы білген Абайға және сол кездегі қазақ оқырмандарына бұл қалыпты жағдай болып көрінген сияқты. Бұл айтылып отырған "Назира" үлгісі қолын байлайтын, шеберлігіне шек қоятын жағдай деп емес, керісінше, алдыңғы ақында айтылған ойдың, сөздің орамын өзінше келтіріп,кейінгі ақынның тың, жаңа өрнек табуына мүмкіндік беретін жағдай деп түсінген жөн. Абайдың аудармалары туралы айтқанда, ең бірінші айтарымыз Абайдың қазақ тілімен қатар, орыс тілін өте терең, жетік білгені көрініп тұр. Ол түпнұсқадағы ақын ойының нәзік иірімдерін мейлінше терең түсініп, аударып отырған ақынның айтам деген ойын өрнектей отырып, одан әрі биіктете, құлпырта аударады. Орыс әдебиетіне зер салғанда Абайдың назары алдымен Пушкинге түседі. Неге? Себебі, Пушкин орыс әдебиетіндегі жаңа дәуірдің, тақырып-идеялары мен көркемдік сапасы мүлде жаңа классикалық әдебиетінің басы болды. Ол орыс әдебиетінде қоғамдық ой-өрісі, дүниетанымы, эстетикалық көркемдік – барлық сипат қасиеттері өзгеше сөз өнерін қалыптастыра отырып, орыс әдебиетінде реализм әдісін берік орнықтырды. XIХ ғасырдағы орыс өмірін, сол ортада өмір сүріп жатқан кейіпкерлер арқылы орыс қоғамын шынайы суреттеген Пушкиннің "Евгений Онегин" секілді реалистік шығармасын, қазақ әдебиетінде реализмнің негізін салған Абайдың қазақшаға аударуы заңды құбылыс секілді. Себебі, Батыс пен Шығысты тең меңгеріп, данышпан хакім дәрежесіне жеткен ұлы Абайдың, Европалық әдебиеттің озық үлгісі реализм әдісі арқылы, халқын тәрбиеге, өнер-білімге шақырып, "тіл ұстартып, өнер шашуды" анық мақсат еткен шағы еді. Абай Пушкиннің "Евгений Онегин" романын толық аудармаған, һәм оны алдына мақсат етіп қоймаған да сияқты. Абайдың "Евгений Онегиннен" аударғандары:
- "Онегиннің сипаты"(Жасынан түсін билеп сыр бермеген)
- "Татьянаның Онегинге жазған хаты"(Амал жоқ қайттым білдірмей)
- "Онегиннің Татьянаға жауабы"(Таңғажайып бұл неткен хат)
- "Онегин сөзі"(Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін)
- "Онегиннің Татьянаға жазған хаты"(Құп білемін сізге жақпас)
- "Татьяна сөзі"(Тәңір қосқан жар едің сен)
- "Ленский сөзінен"(Барасың қайда, қайда болмай неге)
"Онегиннің өлердегі сөзі" - бұл түпнұсқада жоқ, ақынның өзі шығарған. Санамалап айтқанда Абай, "Евгений Онегин" романынан 7 үзінді аударған. Пушкиннің "Евгений Онегин" секілді, орыс қауымының сол кездегі өмірін жан-жақты суреттейтін күрделі романын терең түсініп оқитын мәдениетті оқушы қауымды қазақ жұртшылығынан табу қиын еді. Сондықтан да Абай, жалпы халыққа түсінікті, Онегин және Татьяна арасындағы қарым-қатынастарға байланысты тарауларды ғана еркін аударды, Татьяна тілімен қазақ қызының жүрегін жырласа, Онегиннің ойлы-сырлы өкінішімен қазақтың саналы жігіт, жас буынын үлгілі сезімдерге тәрбиелейді. Осылайша аудару өз заманындағы оқушылар үшін тәрбиелік үгіт жағынан қажет еді. Абай аударған үзінділерді бір жүйеге келтіріп, ең соңында оқушыға түсінікті болсын деп "Онегиннің өлердегі сөзі" деген тарауды өзі қосқан. Аудармаға қойылар ең басты талап, аударылып отырған шығармадағы суреттелетін оқиға мен негізгі ой, өзге тілді оқырманға түпнұсқамен бірдей, еш өзгеріссіз сол күйінде жетуге тиіс. Абай өз аудармасында түпнұсқаға көптеген өзгерістер енгізген. Сондықтан да Абай өз тарапынан жаңа Онегин, Татьяна образдарын сомдаған, - деген кейбір зерттеушілер пікіріне қарсы, Абай аудармаларын ұзақ жылдар зерттеген академик Зәки Ахметов: «Кейбір зерттеушілер Абайдың еркін аударып, түпнұсқадан алшақтау кеткен жерлерін сылтау етіп, Абай өз тарапынан жаңа Онегин, Татьяна жасап шығарған деп жүр. Бұл – Абайды түсінбеушіліктен туған саяз түсінік. Біріншіден, халқын саналы ұғым, сапалы тәрбиеге шақыру жолында болған Абай, "Евгений Онегинді" шығыс поэзиясындағы "Назира" дәстүрімен еркін аударған. Екіншіден, Абай түпнұсқадағы опасыз Онегинді, сол опасыз күйінде суреттесе, опасыз Онегин кімге үлгі болар еді. Сүйген қыздың әзиз жүрегін түсінбейтін тәкаппар да опасыз жігіт қазақ жастарының арасында аз ба?! Оларды кімге үлгі етеміз? Ақынның түпкі мақсаты халқына үлгі шашу емес пе еді?! Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский өзінің Пушкин шығармашылығына арналған зерттеу еңбегінде Онегин образын жан-жақты, көпшілік ойлаған үстірт кінә, айыптың көбінен Онегинді ақтап шығады. Осы жөнінде М.Әуезов: “Белинский Онегиннің адамшылығын, өз ортасындағы татымсыз еркектердің бәрінен биік, артық деп бағалайды”,- дейді. Біріншіден, Абай Онегинді Белинскийше терең түсініп, бағалап отыр. Екіншіден, Онегин бойына турашылдық, арлы адамгершілік, әділ сыншылдық дарытса, сондай жас жігіттен қазақ жастары үлгі алсын дегендік. Ұятты, арлы жастың өкініші де, көркемдік тұрғыда сенімді шығар еді және жастарға үлгісі де мол болар еді. Осы тұрғыдан ойлаған Абай, «Евгений Онегинге» "Назира" үлгісінде еркін аударма жасаған.» - деп жазады «Поэзия шыңы – даналық» атты өзінің ғылыми еңбегінде. "Евгений Онегиннен" жасаған Абай аудармалары бар кезде түпнұсқадан алшақ кетті деуге болмайды. Мысалы түпнұсқадағы: Как рано мог он лицемерить Тайть, надежду ревновать, Разуверять, заставить верить Казаться мрачным, изнывать,- деген жолдарды түпнұсқаға жолма-жол сай етіп: Жасынан түсін билеп сыр бермеген, Дәмеленсе, күндесе білдірмеген, Нанасың, не айтса да, амалың жоқ, Түсінде бір кәдік жоқ "алдар" деген,- деп аударады. Осы аударма жолдарды түпнұсқамен салыстыра отырып оқығанымызда, орыс тілін өте жетік білген Абайдың, Онегин мінезіне тән қасиет-сипаттарды дәл бейнелеуге қазақтың бай тілін терең біліп, шебер аударған талант құдіретіне бас иесің. Аудармадағы Татьяна бейнесінің де, орысша түпнұсқасындағы басты ерекшелігі сақталып, тамаша суреттелген. Мысалы: Зачем Вы посетили нас? В гулуши забытого селенья. Я никогда не знала Не знала б горького мученья,- дегенді : Келмесең егер сен бізге, Сау болмас па ем, әлбетте? Болмасам ашына мен сізге Түспесем мұндай бейнетке, - деп қазақшалаған. Татьянаның осы хатынан орыс қызының ашық мінезділігі, адалдығы, сезімталдығы, сенгіштігі бәрі де айқын көрініп тұр. Абай Татьяна хатының терең мазмұнын толық жеткізуді көздей отырып, бұл ойын қазақ жастарының ұғым түсінігіне сай етіп жүзеге асыруды мақсат еткен. Қаймақ еді көңілімде Бізге қаспақ болды жем. Екі сөз жоқ өмірінде, Мен де сорлы бақыты кем,- деп дворян қызына "қаспақ жегізген" Абай, Татьяна мінезіндегі еркіндікті, адалдықты қазақ қыздарына өнеге ету үшін, Татьянаның сол кездегі көңіл-күйін қазақ қызының ұғымына сай етіп аударады: Шеш көңілімнің жұмбағын Әлде бәрі алданыш. Жас жүрек жайып саусағын Ұмтылған шығар айға алыс,- деген шумақтағы қыз жүрегінің аңқау да пәк тілегін аспандағы алыс айға саусағын жайып ұмтылған жас бейнесінде суреттейді. Татьяна тілегінің пәктігін, оның орындалмас арман екенін, Абай осындай ғажап теңеу-сурет арқылы, қайталанбас сұлу көркемдік тәсілмен жеткізеді. Сөзбен салынған бұл жанды сурет Абайдың ақындық ұлылығының дәлеліндей. Сен жаралы жолбарыс ең, Мен киіктің лағы ем, Тірі қалдым өлмей әрең Қатты батты тырнағың, - деген еркін аударма арқылы ақын қазақ жастарына түсінікті, "жаралы жолбарыс", "киіктің лағы" деген теңеулерді қолдана отырып, шебер аударады. Ал, жалпы алғанда Татьянаның адал, бірақ кісіге сенгіштіктен арылып, өзіне сенімділігі артқан, сертіне берік, алған бетінен қайтпайтын жан етіп сипаттауы жағынан Абай Пушкинмен толық үндес шыққан. "Татьяна сөзі" (Тәңір қосқан жан едің сен) Абайдың өзі шығарған әнімен ерте кезден ел арасында айтылып келеді. "Куда, куда Вы удалились " деп басталатын Ленскийдің монологын Абай, "Ленский сөзінен" деген атпен (Барасың қайда, қайда болмай маған) аударғанда мазмұн жағынан көп өзгертпей аударған. Жекпе-жекке шығар алдындағы Ленский монологы бар болғаны сегіз жолға сиып тұр. Абайдың Ленский монологына назар аударуына қарағанда ақын оны қазақ жұртшылығына Онегин, Татьянамен қатар таныстырмақ ниетте болған секілді. Бірақ, Ленский туралы жазғаны осы ғана ма, жоқ әлде жалғасы бар ма, ол жағын дөп басып айту қиын. Абайдың "Евгений Онегин" сарынымен шығарған өлеңдері, дәлме-дәл немесе еркін аударғандары бар, жанынан қосқаны бар – түгелдей алғанда бәрі бір желіге түсірілген, біртұтас топтама шығарма деуге лайық. Сондықтан да М.Әуезов: «Абай версиясында "Евгений Онегин" эпистолярлық роман түріне айналған»,- деуі тегін емес. "Евгений Онегиннің" кейбіреуі хат түрінде, ал бір тобы кейіпкерлер монологы және автордың атынан айтылған сипаттама түрінде аударылса да, бұлардың барлығы біртұтас шығарма деп ұғып түсінуіміз қажет. Мешеу қалған қараңғы феодалдық патриархалдық қоғамда өмір сүрген Абайдың сол заманда Пушкин поэзиясының қыр-сырын терең танып, бағалай білуі, Абай ұлылығының жарқын бір көрінісі екендігіне дау жоқ Нұрғали Махан Abai.kz