Әріптесіміз, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, облыстық «ARAI» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай ердің жасы елуге толды. Ғасырдың жартысына теңескен ғұмырының жиырма жылын фотография өнеріне арнап келе жатқан әріптесіміз қазіргі таңда толағай тәжірибесін өскелең ұрпақпен бөлісуде. Тегін фотосурет үйірмесін ашып, ұрпақ сабақтастығының үлгісін ілкімді іспен танытуда. Осы ретте біз де объективінен ойдың оюлары бедерленген тың туындыларды жаңбырша жаудырып, өмірдің әр сәтін ескірмес естелікке айналдырып келе жатқан ағамызды жаңа жасымен құттықтап, шығармашылығына шалқар шабыт тілейміз.
Жалпы елімізде отандық фотография саласын қалыптастырып, оны жан-жақты жанрлармен толықтырып, әр сәт сайын дамытып жүрген кәсіби шеберлер баршылық. Бірақ өз ісіне өмірін арнап, бар ынтасымен берілген нағыз шеберлер некен-саяқ. Ал табиғатына көз суарып, тарихын айтып тауысуға сөз жетпейтін киелі Әулиеата топырағында ондай фотомергендер санаулы ғана. Соның бірі – осы Алтекең, Алтынбек Қартабай. Көпшілікке Алтекеңнің аты да, еңбегімен еңселі заты да, өшпес өміршең өнері, саладағы қолтаңбасы да етене таныс. Сонау топырағы текті, даласы дастан Талас ауданында, аққу ұшып, қаз қонған Табиғат Ананың айнасы Ақкөл ауылында жарық дүниенің есігін ашқан Алтекең кәсіби тұрғыда «Сурет салу және сызу» мамандығын меңгерген. Ал жалпы фотографияда жиырма, фотожурналистикада 15 жыл табан аудармай табандылықпен еңбек етіп келеді. Еңбек жолын 2000 жылы «Динамо» фотостудиясында бастаған әріптесіміз бес жыл шығармашылық шеберлігін шыңдап, 2005 жылы «ARAI» газетіне фототілші қызметіне келді. Сол уақыттан бері күні бүгінге дейін Алтекең «ARAI»-дың абыройын ажарлы фототуындыларымен арттырып, өңірдің фотошежіресін қалыптастыруға сүбелі үлес қосып келеді. Алтекеңнің алтын қорынан туған жер табиғатының таңғажайыптарын да, тарихи орындардың тылсымын да, ұлттық құндылықтардың киесін де, сөнбес сәулеге айналған сом тұлғалардың бейнесін де кезіктіруге болады. Жуырда ғана Алтекең өзінің құнды құжаттары мен марапаттарын, төл туындыларының біршамасын Тараз қалалық мемлекеттік архивіне салтанатты түрде тапсырды. Өңір сұлулығын айшықтаған әрі жергілікті ақындардың жыр шумақтарымен үндестірген Алтекеңнің ашық аспан астындағы «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» атты тұңғыш фотопоэзия көрмесі де ел аумағында бұрын-соңды болмаған шара екені жасырын емес. Осы секілді тың көзқарасы, жаңашылдығы арқылы Алтекеңнің фотосурет өнеріне жан-тәнімен берілгендігін байқау қиын емес. Бұған қоса Алтынбек Болатұлының суреттері әлемдік деңгейдегі үздік фотографтар арасында өткен байқауда үш мәрте, тап басып айтқанда алдыңғы ондыққа, бестікке және төрттікке шығып, жеңімпаз атанғанына да көп уақыт өткен жоқ. Ал жұмыр жердің түкпір-түкпірінен «сен тұр, мен атайын» деген фотографтар еуропалық стильдегі суреттерін сан тараптан сапырып жатқан байқауда Алтекең қазақы ұлттық нақыштағы киімдермен түсірген фототуындысын ұсынғанын да ерекше атап өтуге болады. Талай жылғы тәжірибе, өз ісіне деген адалдық, құлшыныс пен құштарлық, ұлттық құндылықты қастерлеудің нәтижесі ретінде оның еңбегі әлемдік фотосарапшылардың жоғары бағасын алды. Өзінің айтуынша Алтекеңе өнерге деген жақындық нағашыларынан келген екен. Өзінің туған бауырлары үшін де фотография бөтен емес. Тек бастаған іске басын тігіп, тағдырын осы өнерге басы бүтін арнап келе жатқан да осы Алтекең. – Мен ауылда мектепте 5-сынып оқып жүргенімде Үшаралда Ескен Солағаев деген нағашым білдей кеңшардың фотографы болды. Бала кезде сол кісіге қызығып, еліктеп өстік. Фотография өнеріне деген алғашқы қызығушылығым да сол бала кезде басталды. Одан кейін өзімнің туған Сембек, Қалдыбек атты ағаларым да фотографиямен айналысты. Інім Ахмет те бұл өнерге бөтен емес. Бірі кәсіби тұрғыдан, енді бірі әуесқойлықпен бұл өнердің басын шалды. Қазір бауырларым сан салада жемісті еңбек етуде. Ал мен фотографияда қалдым. Қазіргі таңда Тараз қаласы білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығынан өзімнің ақысыз 12-16 жас аралығындағы оқушыларға арнап фотостудия үйірмесін қолға алып отырмын. Мұндағы мақсат – қазақ фотоөнерінің келешегін қалыптастырып, өмірлік тәжірибемді өскелең ұрпақпен бөлісу. Кез келген адамды биікке арман жетелейді. Қазір еліміздің әр өңірін фотография арқылы танытып жүрген кәсіби шебер азаматтар жетерлік. Мен соның ішінде тарихи талбесік – Таразды ұрпаққа, туристерге, әлемге насихаттағым келеді. Күні кеше ғана Сарысудан әлі ешкім көріп білмеген балбал тастарды тауып келдік. Осы секілді біздің өңірде әлі жұмбақ жерлер аз емес. Алдағы уақытта осындай тарихи тылсым құндылықтарымызды жан-жақты көрсеткім келеді, – дейді елу жасты еңсерген фотограф. Расында бала кездегі балауса арман мен есіл еңбек, ізденіс пен талпыныс Алтекеңді бүгінгі кәсіби шеберліктің шыңына жеткізді. Осы уақыт аралығында ол Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты, облыс әкімінің, Қазақстан Журналистер одағының, «Nur Otan» партиясының құрмет грамоталарымен марапатталып, «Нұр Сұңқар» республикалық журналистер байқауының жүлдегері атанды, «Photofest.kz» халықаралық фотофестивалінің «Кәсіби фотограф» сертификатын иеленді. 11 құрсақ көтерген Алтынкүл ананың үмітін ақтаған Алтынбек, өзі де жұбайы Пернекүл екеуі Арай, Аружан, Ақерке және Кәусәр есімді төрт қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Біз де барша әріптестері атынан Алтекеңді тіршілікті алтынға бояған алтын күзде келіп жеткен, абыройлы адал еңбекпен еңсерген жаңа жасымен шын жүректен құттықтап, шығармашылығына толағай табыстар тілейміз! Өскелең ұрпаққа бергеніңізден әлі береріңіз көп болғай!
Нұржан ҚАДІРӘЛІjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз