Мәдениеттің рөлін ұғынуға деген бүгінгі көзқарас жаңа әлеуметтік-мәдени орталарды қалыптастырды. Дәл бүгінгідей жаппай оқшаулану тәртібі мәдениет пен өнер саласының жаңа негізде өркендеуіне жол ашты. Жаһандық мәдени диалогтің белсенді қатысушылары үшін ай сайын, тіпті апта сайын ірі стриминг алаңдар, онлайн кинотеатрлар жаңа тұсаукесерлер ұсынып келеді.
Қарашаның алғашқы он күндігі «Бала Шелдон», «Жақсы дәрігер» секілді танымал жобалардың кезекті маусымымен қатар Чак Лоридің жаңа ситкомы, мұғалім мен оқушының романы туралы драма және өзге де жаңа сериалдармен қуантқан еді. Netflix, «Кинопоиск HD», «Амедиатека» сынды алып интернет-кинотеатрлар бұл жолы да қоғамдық қатынастарды жаңғыртуды мақсат еткен бірқатар сериалдарды көрсеткелі отыр.
«Тәж» (The Crown), 4-шығарылым, тұсаукесері 15 қарашада, Netflix арнасында
II Елизавета патшайымның өмірбаяндық тарихнамасы анау айтқандай оза шаппаса да, дизайн көркемдігі мен тегеурінді тасқынымен таңғалдырды. Драматург Питер Морган ондаған сағаттық серияның төртінші маусымын жалғыз өзі жазып жатыр, ал экранда ХХ ғасырдың таңғажайып тұлғаларын бейнелейтін жұлдыздардың бағы асып тұр. Бұл жолғы төртінші шығарылымға патшайым рөліндегі Оливия Коулман, Маргарет ханшайымды ойнаған Хелена Бонхам Картер, Маргарет Тэтчердің рөлін сомдайтын аңыз Джиллиан Андерсон мен Диана ханым болып қайта өмірге келген жұлдыз Эмма Коррин келіп қосылды.
«Ай базасы 8» (Moonbase 8), тұсаукесері 8 қарашада, «Амедиатека» арнасында
A24 компаниясының үнемі жолы бола бермейтін бейбақ ғарышкерлердің айға ұшар алдындағы NASA базасындағы жаттығулары жайын баяндайды. Фильмнің комедия ансамблі Фред Армисен, Джон С. Райли және Тим Хейдкерден құралған. Нағыз күзгі көңіл күйге арналған комедия екені сөзсіз.
«Жалға беру» (The Rental), тұсаукесері 12 қарашада, IVI платформасында
Ағайында қос жігіт (теле жұлдыздар Дэн Стивенс пен Тоби Гусс) апта соңында демалуды ұйғарады. Жарқабақ басындағы биікте орналасқан үйдің төңірегі көз қуантарлық әдемі. Тек оларды қарсы алған адамның сиқы өте күмәнді еді. Ақыры демалуға келген жігіттер көңілдері күпті болса да, ақшасын төлеп, үйге орналасады. Фильмнің әрі қарайғы шиеленісті желісі кімді болсын қызықтырмай қоймасы анық.
Үлкен аспан (The Big Sky), тұсаукесері 17 қарашада, ABC арнасы
ABC арнасының драмасы жеке детектив пен бұрынғы полицейдің бірлесіп, жоғалып кеткен апалы-сіңлілі қыздарды іздеу оқиғасын баян етеді. Оларды трасса бойында жүк көлігінің жүргізушісі ұстап алып кеткен. Тергеу барысында бұрын да осы аймақта қыздар ұрланғаны белгілі болады. Екі тергеушінің мақсаты – кезекті қайғылы жағдай болмай тұрғанда маньяктың аяғына тұсау салу.
«Кит аулаушы», тұсаукесері 21 қарашада, «Кинопоиск HD» арнасында
Чукоткада жергілікті тұрғындармен бірге түсірілген фильм он жыл бойы ойластырылған еді. «Кит аулаушы» – бұл бозбала Лешка мен оның жақын досы Колянның ержетуі жайындағы рухани драма. Екеуі де Беринг бұғазындағы кішкентай кит аулайтын ауылда тұрады. Ресейдің солтүстік-шығысындағы Анадырь қаласына жету оңай емес. Ал қайықпен айналдырған бір сағатта жетіп баруға болады. Ауылда ойын-сауық жоқ десе де болады, күндегі тірлік кит аулаудан басталады. Одан қалса көшенің ана басынан мына басына жүре беру де жалықтырады. Жуырда қосылған интернет байланысы нашар, әйтсе де тіл білмейтін, өркениеттен жырақ жатқан ауылдың балалары өзге кеңістікке, жаңалыққа құштар еді. Режиссер Филипп Юрьевтің аталған фильмі биыл Венеция кинофестивалінде жүлдегер атанды.
Кезекті маусыммен шыққан сериалдар қатары біз жоғарыда топтастырған фильмдер қатарымен шектелмейді. Талғампаз көрерменнің таңдауынан шығарлық жаңа туындылар сәт сайын үлкен экранға жолданып жатыр. Стриминг платформалардағы контенттің мүмкіндіктері мен келешегі шетелдік нарық тарапынан қызығушылық тудырып келеді. Мәселен, жалпы саны 242 бөлімнен тұратын сериал мен анимациялық жоба ТМД-дағы ең үздік онлайн-кинотеатр саналатын IVI.RU платформасы арқылы таралмақ.
Сонымен қатар Ұлттық арна Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған 100 бөлімнен тұратын «Замандастар», Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың романы желісі бойынша түсірілген «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаяларын ұсынбақ.
Заманауи сериалдар – мінез-құлық үлгілері мен эмоциялық реакциялар жиынтығын тоғыстыратын бүгінгі заманның ең маңызды мәдени алаңына айналды. Телешоулар мен сериалдар көтеретін жүгі, мазмұнды сапасы тұрғысынан романға пара-пар келіп жатады. Бүгінгі қала тұрғынының күн тәртібіне өте ыңғайлы тарауларға бөлінген сериалдар күнделікті өмір ырғағына сай келеді. Өйткені ақпаратқа шектен тыс қаныққан адамдар күні бойғы қарбаластан қолы қалт ете қалғанда, том-том кітаптардың бетін ашуы екіталай. Сондықтан ыңғайлы әңгіме тақырыбына айналған телешоулар, сериалдар, фильмдер белгілі бір тақырып аясында мәдени орта қалыптастырып отырғаны шындық.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз