Қариялар – халықтың ой қайнары
Қариялар – халықтың ой қайнары
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп білетін баба даңғылымен болашаққа керуен түзген еліміз үшін бұл мерекенің орны бөлек. Себебі жан-жақтан жаһаншылдық жаншып келе жатқан замана қуаты құндылықтарды қанша жерден құнсыздандырғысы келгенімен, қашанда халқымыздың рухы тұғырда, қарты төрде. Һәм бұл өзінің саналы ғұмырын есіл еңбекпен еліміздің еңсесін көтеруге сарп еткен сарқылмас қазыналарымызға құрмет көрсететін күн.
Үй артында төбешік Ерттеулі тұрған ат болар. Қариясы кімнің бар болса Жазулы тұрған xат болар, – деп Бұқар жырау айтқандай қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының қанында бар асыл қасиет екені белгілі. Елімізде қарттарға деген ықылас, құрмет жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Жалпы еліміздің Ата Заңында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқан жандар кіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі халықтың 7,5 пайызын құраса, ал 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады деген болжам бар. Дей тұрғанмен, тепсе темір үзетін жастық шағын еліміздің түрленіп, гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін сарқып төккен ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды қарттарға құрмет көрсету тек мемлекеттің ғана емес бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн. He деген керім еді! He біледі осы жұрт, не біледі?! Бабалардың баласы – қариялар, Сиреп бара жатқандай көрінеді. Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар, Ұрпағыңа не айтасың артта қалар? О, тірі шежірелер, қалдырыңдар, Қанеки, нелерің бар салтқа жарар? Қанеки, нелерің бар, Аталарым? Ұрпағыңа ұран қып апарамын. Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да, Сендердің мұрагерің атанамын, – деп өлең өрнегімен-ақ өрелі сөз айтқан қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағалиша пайымдасақ, расымен ұрпақ сабақтастығының ұлы көшін бастап келе жатқан қарияларымыздың орны бөлек, қадірі Алатаудай. Байырғы тарихымызға ой көзімен қарасақ, қай кезеңде де қазыналы қариялар елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған. Дауды әділ шешіп, ешкімнің ала жібін аттамай, әділдіктің туын жықпай, туғанына бұра тартпауымен көпке үлгі, жасқа тәлім берген. Ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде одан әрі дамытып, келер ұрпақтың кемел деңгейге жетуіне тікелей атсалысқан. Халқымыздың әуелден бергі болмыс-бітімі, тіршілік, табиғатына кір жуытпай, қазір жиі айтылып жүрген өзін-өзі басқарудың бүтіндей бір институты болған. Себебі ол тұста сот та, прокуратура да болған жоқ. Есесіне дала профессорлары, ақыл академиктері, яки әділ қазылардың қалтқысыз қызметін қадірменді ақсақалдар атқарды. Осы тұста айта кетсек, «ақсақал» деген сөздің өзі тек сақалдың ағаруына ғана байланысты айтылмаған. Қазақ – ақ түсті символдық деңгейге көтерген халық. Мәселен, «Аққа Құдай жақ» дегеннен бастап, ақ отау, ақ бата, ақ ниет, ақ жол, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» дегенге дейінгі аралықтағы айшықты сөздердің барлығы соған саяды. Сондай-ақ ақсақал қатарының ең егдесі дегенді де білдіре бермейді. Ақсақал – замандастарының арасындағы ең көнекөз емес, түйгені тұңғиық, тұжырымы тым биік көгентүбі. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген сұңғыла сөз содан қалған. Яғни ақсақал – ауыл-елдегі қариялардың ішіндегі бірегейі, айтқанына сендіріп, жұртты соңынан ерте білетіні, қара қылды қақ жарған әділдігімен ағайынды мойындата алатыны. Сондықтан да ондай адамның абыройы асқақтап, зор беделге ие болған. Оған халқы құрметпен қарап, айтқан уәжіне құлақ асқан. Әйтпегенде көпшілік кім көрінгенді әспеттеп, әлпештей бермейтіні бесенеден белгілі. Қазақтың әр ауылындағы сондай ақсақал деген құрметке ие болғандар, сол елдің тау тұлғалары десек те асып айтқандық болмас. Себебі ақсақалдық – абзал, асқақ, абыройлы қасиет. Саф алтындай салт-дәстүріміздің сардар сақшылары да солар. Бабалар тарихынан бастау алып, баянды болашаққа бағыт беріп келе жатқан өнеге сарыны да арамызда жүрген қазыналы қарияларымыз. Ел арасындағы ауызбіршіліктің қорғаны, ынтымақ, берекенің ұйытқысы да, достықтың діңгегін суарған тарау-тарау терең тамырымыз да ақылман ақсақалдарымыз екені айдай анық. Қалай дегенмен хакім Абай айтқан «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін» деген сөзін қаперден шығармағанымыз абзал. Жаһаншылдыққа қанша жерден жанталассақ та, осыны ұмытпайық! Сөзімізді сол Мұқағалиша қорытындыласақ: Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда. Дария шалқар даналығын ал, тыңда! Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын Айырбастап таба алмай жүр алтынға. Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!
Н.СЕРІКХАНҰЛЫ