Мәдениет

Ғашықтар рухын әлдилеген Әулиеата

Ғашықтар рухын әлдилеген Әулиеата

Жиырма ғасырдың жауһары ғазиз Тараз – тарихтың да қазыналы құт мекені, өлмес өнердің де қайнар бұлағы. Ғашықтардың саф сезім, мөлдір махаббатының тұңғиығына тұнған таланттардың алтын бесігі. Сондықтан да шын өнерді шыңырауға телитін тараздықтар карантин кезінде шығармашыл жандардың шеберлігіне шөлдегені анық. Осы орайда Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының бастамасымен ашық аспан астында, тарихи «Төрткүл» керуен сарайында ұйымдастырылған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасын өнерсүйер қауым үлкен ықыласпен тамашалады.

Карантин өнерді, театрды, шеберлікті, таланттарды, сахнаны сағындырды. Оның анық дәлелі осы қойылым барысында бірден байқалды. Және қара шаңырақ – облыстық қазақ драма театрында бұрыннан тарихи туындылар сахналанып жүргенін білеміз. Ал сондай сом дүниелер нағыз бабалардың ізі қалған тарихи орындарда ұйымдастырылуы көрерменді де ерекше әсерге бөледі. Бұл ретте шытырманды шынайылықпен қабыстырған театр ұжымының еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бұл жолы өнер ұжымы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасын көрермен назарына ұсынды. Ең алдымен қойылымның қазіргі заман талабы мен көрерменнің талғамына сай орындалғанына да мән беру керек. Себебі қазір бәрінен бұрын уақыт қымбат. Ал өмір де, өнер де сол уақытпен жарысып, дамуды талап етуде. Шығарма шағын да болса шымыр әрі шебер орындалды. Қойылымның қоюшы режиссері Қуандық Қасымовтың қолтаңбасы, мол тәжірибесі мұнда да көзге ұрып тұрды десек артық болмас. Режиссерлік шешім де көңіл толқытарлық. Әрине Қозы мен Баянның мәңгілікке кестеленген кәусәр сезімі көпшілікке көнеден таныс. Бірақ жаңашылдық пен шеберлік штрихтары қойылымның сәтті шығып, көрермен көңілінің ноталарын дәл баса білді. Толқытты, тебірентті, толғандырды. Ежелгі тараздықтардың елесі кезген керуен сарайындағы декорацияның өзі әртістерге мол мүмкіндік берді. Бұл ретте қоюшы суретші Қалтөре Жұмағұлов пен режиссердің ассистенті Анар Сағымбекованың еңбегі көрінеді. Актер Руслан Оразалиев сомдаған қара ниетті Қарабайдың да, Мәмбет Қожалиевтің жалғыз өзі алып шыққан Шер, Жантық, Мақпал және Күнікей образдары да шебер шықты. Мұндағы Қозы мен Баянның аналары қуыршақ арқылы бейнеленуі де астарлы мағынада айшықталды. Себебі араны тоймай, арамдық бойлаған Қарабайға ақ жаулықты екеуінің де ақеділ тілеулестігінің қуыршақтай құны болмады. Ал мәңгілік аңызға айналған қос ғашықтың рөлін сомдаған Елжан Жармұхамедов пен жас актриса Нұрай Қаражанова бірден көрерменнің көңілін баурап, жүрегін жаулап алды. Бір-бірімен сырласуы, мұңдасуы, жер жүзін асқақ шарлап, әуелеп жүрген ғашықтардың рухы секілді дөңгелек шарларды домалатып диалог құруы, аралары алыстап, сол шарлардың «Қара көзім» атты зарлы әнмен әнтек теңселіп, дәрменсіз халге түсуі әсерлі шықты. Жандар Қырықбаев ойнаған Қодардың оспадарсыз образы да сенімді сахналанды. Қойылым соңында Қозыны ажал құштырған Қодардың қанжарына Баянның өзі ұмтылып, сүйгенінің рухына еріп кетуі жан тебірентті. Алғашқы басты рөлін Баян сұлумен бастаған Нұрай Қаражанованың және көптен күтіп көзайым болған өзге де сахна сардарларының өнеріне көпшілік үлкен қошемет көрсетті. Қойылым аяқталған соң сөз тізгіндеген Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов алдағы уақытта өнер ұжымы өз қойылымдарын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы саябақта, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде, «Ақыртаста» көпшілік назарына ұсынатынын жеткізіп, театр өнерін тамашалауға келген көрерменге алғысын айтты.

Айсана НҰРБАП