Мәдениет

Айша бибі, Қарахан кесенелеріне түсетін миллиондаған қаражат қайда жұмсалады

Жамбыл облысындағы 30 тарихи орынның кіріс-шығысын «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы есептейді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мекемесінің басшысы Берік Жүсіптің айтуынша, былтыр  кәсіпорынға қарасты 30 тарихи орынға 119 мыңнан аса турист келген. Кәсіпорын басшысының сөзіне сүйенсек, осы 119 мың туристке тегін және ақылы негізде 169 экскурсия ұйымдастырылған.  

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мекемесінің басшылығы берген мәлімет бойынша былтыр тарихи орындарға келген адамдардан 16 миллион 782 мың теңге түскен. Бұл қаражат кәсіпорынның шаруашылық шығындарына жұмсалған.

Кәсіпорын басшылығына тарихи орындарды жөндеуге бөлінетін қаражат бойынша сұрақ жолдадық. Алайда бұған жауап ашып жазылмаған. Тек кәсіпорын тарапынан ұсыныс беру арқылы ескерткіштерді «Қазқайтажаңарту»  ШЖҚ  РМК кәсіпорны жөндейді деп жазылған.  Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сүйенсек, «Айша бибі» кесенесінің алдына дүңгіршек сатып алынған.