Бидің денсаулыққа пайдасы зор
Бидің денсаулыққа пайдасы зор
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген сөз бүгінгі күннің қағидасына айналғандай. Иә, ем іздегеннен, ауырмаудың жолын іздеу әрине дұрыс болмақ. Елбасымыз айтқандай, халық денсаулығы-баға жетпес байлық, мемлекеттің қымбат қазынасы. Денсаулығы мықты адам ғана қоғамға лайықты қызмет етеді, оның дамуына, экономикасын жақсартуға үлес қосады. Сондықтан да біз күнделікті өмірімізде де денсаулық туралы ұмытпауымыз керек. Дені сау ұлт үшін инфрақұрылымын дамытудың маңызы жоғары. Балалық шақтан бастап дене шынықтыру мен спорттық даярлыққа және оған ең қолайлы мүмкіндіктер туғызуға ерекше ден қойылуы керек. Барлық жастағы адамдардың спортпен шұғылдануына, өздерінің бойларын сергек ұстауына, сөйтіп, өмір жастарын ұзартуына жағдай жасауы қажет. Өйткені қазіргі кезде адам баласында көп қозғалыс жоқ. Қозғалыс болмаса қан айналым болмайтынын біле тұра мән бермейміз. Қан айналым жоқ болса көптеген ауруларға бой алдырамыз. Қазіргі заманда, яғни технологияның дамыған заманында орнымыздан қозғалмай жұмыс жасау мүмкіндігі мол. Бірақ оның да пайдасыз жақтары бар екені бәрімізге мәлім. Себебі мектеп жасындағы балалардың арасында омыртқаның қисаюы, жалпақтабандылық, балалардың қозғалысқа ынтасының жоғалуы, артық салмақ т.б. сияқты аурулар көптеп кездесуде. Сондықтанда мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту мақсатында мектеп, мектептен тыс мекемелердегі би бөлімдерінде ырғақты би сабақтары өскелең ағзаның толық дұрыс дамуына көп ықпал тигізетіні анық. Яғни, музыкалық ырғақты сабақтар әсемдік пен қатар баланың бұлшық еттерінің дамуы мен дене сымбатының дұрыс өсуіне тигізер әсері мол. Дені сау баланың көңіл-күйі де жақсы болатыны анық, яғни баланың өз-өзіне сенімділігі мен ерекшелігін сезіну жеке тұлға ретінде қалыптасуына маңызды рөл атқарады. Дәлірек айтар болсақ, бала өсіп дамиды сонымен қатар әуенге сай ырғақты би қозғалыстарына деген қажеттіліктері ұлғаяды. Ал, музыка әуеніне қозғалу бұл би. Ырғақты би - бала үшін қозғалыс арқылы өз-өздерін көрсетудің тәсілі болмақ. Ал, қазіргі заманғы музыка әуені кең қозғалыстығымен, көңілді динамикасымен балаларға жақын. Ырғақты би қимылы тек ептілік, әдемілік, шығармашылық мүсін ғана емес, баланы жігерлендіреді. Хореография сабағында тек қана би үйретіліп қана қоймай денсаулықтары нығайып, ой-өрістері дамиды. Бұлшық ет күштері жақсарып, икемділік, төзімділік қабілеттері дамиды және дене бітімдері түзеліп, сымбаттылыққа тәрбиеленеді, әдемілікке деген құштарлықтары артады, яғни ырғақты би қимылы баланың ішкі барлық ағзаларына әсер етеді. Мысалы, ішкі рухани жағдайы өзгеріп, мазасыздықты басып, қандағы кортизоль деңгейін жақсартып, жалпақтабандылық, омыртқа қисаю ауруларының алдын алады, сонымен қоса балалардың зияткерлік деңгейінің артуына, оның ойлау жылдамдығына ықпалын тигізе отыра, есте сақтау қабілеттерін жақсартады. Ырғақты би балаларды эстетикалық құндылыққа тәрбиелейді, эмоцияналдық көңіл-күйін жақсартады. Бимен айналысу арқа, іш және аяқ бұлшық еттерін нығайтады әрі бүкіл ағзадағы және буындар мен омыртқадағы қан айналымын, сондай-ақ зат алмасу процесін жақсартады. Сонымен қатар қимыл-қозғалыстың үйлесімділігін арттырып, дене бітімін жетілдіруге, тыныс алу жүйесін жаттықтыруға көмектеседі. Қорыта келе заманымыздың болашағы – жас ұрпақтың ой-өрісін, рухани байлығын, ырғақты би арқылы бүлдіршіндеріміздің денсаулығын нығайтып, би қозғалыстарын көркем мәнерлі орындауы мен эстетикалық құндылыққа тәрбиелеу, жылдан-жылға жандандыру би жетекшісінің абройлы міндеті деп ойлаймын. ҒАЙША СЕРІКБАЕВА Дулати университеті «Музыка және хореография» кафедрасының аға оқытушысы