Дара тұлға – Бауыржан Момышұлы
Дара тұлға – Бауыржан Момышұлы
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойына орай журналист Бекет Момынқұловпен «Дара тұлға – Бауыржан Момышұлы» атты онлайн сұхбат өткізді. «Даңқ» залында өткен сұхбат барысында Бекет Әбділдаұлы Бауыржан Момышұлының шығармашылығына, оқыған дәрістері мен тәлім-тәрбиеге толы мағыналы өміріне терең тоқталды. Бекет Момынқұлов даңқты жауынгер Бауыржан Момышұлының шығармалары әлемнің біршама тілдеріне аударылғанын, ғылым жолында жүрген жас ғалымдар дипломдық жұмыстарына тақырып қылып, іздену жолында жүргенін, Тараз өңірлік университетінде «Бауыржантану» орталығының жұмыс істейтінін атап өтті. Сонымен бірге Бауыржан Момышұлын тану мерейтой аясында ғана емес, жылдар бойы жалғасатын, үлкен ізденісті қажет ететін дүние екенін, ата аманатын арқалап, батырдың қолымен жазылған құжаттармен жұмыс бастап жатқанына тоқталды. Сұхбатта Бауыржан Момышұлына тірі кезінде «Кеңес Одағының батыры» атағы берілмеуінің «құпия» себептері мен мектеп бағдарламаларына «Бауыржантану» пәні енгізілсе деген ой, «табылмай» қалған дәрістер туралы да айтылды. Оқырмандардан келген сауалдарға жауап беріліп, арнайы кітапхана ұжымына табыс тіледі.