Көптің көңілінен шыққан комедия
Көптің көңілінен шыққан комедия
Кеше Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында белгілі жазушы-драматург Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясының премьерасы өтті. Бұл комедия өткен ғасырдың 80-ші жылдары жазылса да, негізгі тақырыбы мен оқиғасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Көптеген бойжеткен түрлі себептермен тұрмысқа шықпай отырып қалған «кәрі қыз» атанып жүрсе, жігіттер қауымының 30-дан, 40-тан асқанша «сүрбойдақ» болып жүруі бүгінгі заманда да, көбеймесе, азайған жоқ. Комедия «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәсүр мен ғұрып» арнайы жобасының мақсат-міндеттеріне сәйкес, осы өзекті мәселенің себеп-салдары мен өзектілігін бүгінгі режиссерлік көзқараспен тереңдете қаузап, бүгінгі жастарға жөн сілтеп, ой салу мақсатында сахналанды. Комедияда басты рольдердің бірі – өз қиялындағы жігітті кездестіре алмай, жігіт таңдаумен жүріп көп уақытын өткізіп алса да, әлі де тұрмысқа шығудан дәмелі Сайра атты қыздың рөлін белгілі актриса Индира Мұстафаева сомдайды. Сайра қызға сөз айтып, жамырай таласып жүрген сүр бойдақтардың бейнелерін театр артистері Нұрсұлтан Маханов, Жандар Қырықбаев, Әбу Шоңбаевтар нақышына келтіре орындап, көрерменнің көңілінен шықты. Сайра қыздың қиялындағы Икс атты жігіттің рөлін талантты актер Руслан Оразалиев ойнады. Ал, Сайра қыздың құрбысы Айжанның рөлін актриса Ризат Қылышбаева керемет сомдап шықты. Комедияның қоюшы- режиссері – белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов қойылымның әр кезеңде де өзектілігін жаңаша көзқараспен жеткізе білді. Қоюшы суретшісі – Қазақстан Респібликасы Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиеваның да еңбегін ерекше атап өтуге болады. Карантин талаптары толығымен сақталған қойылым соңында көрермен көпшілік шығармашыл ұжымның шеберлігіне зор ықыласпен құрмет білдірді. Нұржан ҚАДЫРӘЛІ