Мұхтар Мағауин АҚШ-та жерленеді
Марқұмның жаназасы ертең яғни 11 қаңтарда өтеді
Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің жаназасы 11 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд штатында жергілікті уақытпен 10:00–де түріктің Diyanet Center of America мешітінде өтеді және сол штаттың зиратына жерленеді. Бұл туралы Америкадағы қазақстандықтар kaz.inform.kz. агенттігіне хабарлаған деп жазады Jambylinfo.kz.
Еске сала кетсек, бүгін таңда белгілі жазушы Мұхтар Мағауин АҚШ-та 85 жасында дүниеден озды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда сол кездегі Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген.
«Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984) атағының, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997), «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002), Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) болды.