Мұратбек Ералиев: «Суретшінің бар ғұмыры – эксперимент»
Мұратбек Ералиев: «Суретшінің бар ғұмыры – эксперимент»
«Сурет салу үшін көзіңді жұмып, ән салу керек», дейді әйгілі Пабло Пикассо. Бұл жайында қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеев те «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім», деп айтқаны бар. Расында бейнелеу өнерінің беймәлім қыр-сыры, жауһар жұмбағы аз емес. Шынайы сұлулықтың жауабы тек суретшілерге ғана мәлім десек, артық айтқандық болмас. Сондай қылқалам шеберлерінің бірі – соңғы уақытта тараздықтар өнеріне тәнті болып жүрген, «Жеңіс» саябағы мен жаңадан ел игілігіне берілген «Арбат» маңында жүретін кәсіби суретші Мұратбек Ералиев. Хас шебердің шығармашылығы шаһар тұрғындарының талғамын тап басып, көпшіліктің көңілінен шығуда. Осы ретте біз де қылқалам иесімен арнайы жолығып, ашық аспан астындағы шеберханасымен танысып қайттық.
Біз айтып отырған суретшіні тараздықтардың көпшілігі жақсы таниды. Себебі аз ғана уақыттың ішінде ол жүзден астам шаһар тұрғынының портретін көшеде салып үлгерген. Бұрындары Алматыда ғана көше суретшілерін көріп үйренген тараздықтар үшін бұл расында тың көрініс болғаны анық. «Егер мен жүрген барлық жолды картада белгілеп, оларды бір сызыққа қосатын болсам, минотаврдың бейнесі шығар еді» деп тағы сол Пикассо айтқандай, оның шығармашылық керуенін еліміздің түкпір-түкпірінде жетелеп жүретіні тағы бар. Қызылорда, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындарына да оның қолтаңбасы етене таныс. Суретшілік білімін сол кездегі Жамбыл педагогикалық институтында алып, қазіргі қазақтың белгілі тарпаң ақыны Маралтай Райымбекұлымен қатар оқыған. – Көшеге шығып сурет салуды 2000 жылы Қызылорда қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мәдениет үйінің алдында бастағаным есімде. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары алғаш солай қолыма қалам мен қағаз алып халықпен жұмыс істеуге бел будым. Негізінде көшеде сурет салу арқылы да көп нәрсені үйренуге болады. Ондай тәжірибені ешқандай институт үйретпейді. Ол сурет пәнінің әліппесінде де жазылмаған. Одан кейін елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық саябақта жиырма жыл еңбек еттім. Сол уақытта жиырма мыңнан астам адамның портретін салыппын. Күрделі шығармашылық жұмыстармен айналыстым. Бас қалада менімен бірге көптеген суретшілер болды. Олармен өзара тәжірибе алмастық. Мәселен мен алматылық суретшілерден құрғақ қылқаламмен сурет салудың қыр-сырын үйрендім. Еуропа шеберлерінен келген ол әдіс бізде жоқ. Себебі бір ғана түстің индиго, теондиго секілді көптеген салқын бояу түрлері бар. Көшедегі суреттің ең басты ерекшелігі нақтылық пен жылдамдықта. Мен ең жылдам дегенде суретті 15 минутта, ең ұзағы 40 минутта саламын. Өйткені кішкентай балалар ұзақ отыруға шыдамайды. Аз уақытта адамның образын алып, характерін ашу қажет. Бұл қолдан шыққан туынды болғандықтан осының барлығына мән беремін. Ол маған еш қиындық тудырмайды. Себебі суретшілер өнермен ауырады. Бастапқы кезде қайткенде де жақсы суретші боламын деп бетіме қаламның ізі түсіп, бояу жағылып ұйықтап қалған кездер аз болған жоқ. Ол бір жағынан өнерге деген фанатизм болуы керек деп ойлаймын. Мен кез келген адам алдыма отырса оны ойдағыдай салып шығатыныма 100 пайыз сенімдімін. Өйткені мен бұл өнерге әбден машықтанғанмын, – дейді Мұратбек Ералиев. Қазіргі таңда заманауи сурет өнерінің сан түрлі стилі, жан-жақты жанры қалыптасып келеді. Әу бастан суретшілердің «Илегені – бір терінің пұшпағы» бола тұра, олардың да көзқарастары әрқилы. Бағыттары да бөлек. Мәселен, қазір қоғамда қымбатқа саудаланатын түсініксіз, шимай-шатпақ суреттер жиі айтылып жатады. Бұл туралы да қылқалам шеберінің ойын білдік. – Жалпы, суретшінің өмірінің барлығы – эксперимент. Бірақ суреттегі нақтылық, реалистік жанрды құптаймын. Импрессионизмді алып келген Пикассо, Ван Гог, Модильянилердің шығармашылығына аса қатты құмартпаймын. Өйткені тәжірибе алдымен шыншылдықтан өтуі қажет деп санаймын. Кез келген өнерде де мен үшін нақтылық қажет. Ол академиялық нақтылық деп аталады. Қазір әлемде артхаус, перформанс жанрлары да бар. Көптеген түсініксіз суреттерге көзқарасым теріс. Хрушев кезінде Шишкин мен Репиннің жұмысын қалдырып, қалғанын лақтыр деген. Бір жағынан өнер адамдарына жаппай топырақ шашқым келмейді. Бірақ, қиялдан гөрі нақтылық дұрыс. Репин, Орал Таңсықбаев, Әбілхан Қастеев секілді суретшілерге құрметім шексіз. Сурет өнері қайта жаңарып, түрленіп отырады. Мен өзім живопись, натюрморт, портрет секілді барлық жанрды қоса алып жүремін. Тіпті, декоративті жұмыстарды да жасай беремін. Бұрындары домбыра, қобыздың түр-түрін жасай беретінмін. Жамбыл облысына келгеніме бес жыл болды. Алдында Байқоңырда орыстарға көркемсурет өнер мектебінде сабақ бердім. 7-8 жыл сонда дәріс үйретіп, мәдениет үйінде қоюшы суретші болып та жұмыс істедім. Бірақ, балаларыма ол жақтың ауа райы жақпады. Содан студенттік шағым өткен киелі Әулиеата топырағына табан тіреп, үй соқтым. Төрт балам бар. Қазір негізгі табыс көзім осы. Оған қоса маған Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан, еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы тапсырыстар келіп түседі. Шарж жанрын да саламын. Келіншегім үй маңынан шағын азық-түлік дүкенін ашқан, қазір сол жерде. Екі үлкен қызым тұрмыста, елордада тұрады. Екеуі де сурет салады. Келіншегім де менің бар өнерімді қолдайды. Себебі ол да менімен бірге бейнелеу өнерін оқыған. Қазір Аманат Назарқұловпен, Мұхтар Егізеков, Қайрат Гумаров, Емелин деген суретші, қолөнер шеберлерімен тығыз шығармашылық байланыстамын. Елена Панина қазір Тараз суретшілерінің ұжымын құрды. Мен сол ұжымның мүшесімін. Таразда талантты суретшілер көп. Күн сайын шаршасам да жел тұрып, жаңбыр жауғанша көшеде отыра беремін. Кейде үлгере алмай жатамын. Сұраныс өте көп. Бірақ шамның жарығымен болса да халықтың сұранысын өтеп, алғысын алуға тырысамын. Ел аумағында да көптеген шәкірттер тәрбиеледім. Қазір де дәріс беретін шәкірттерім аз емес. Мен үшін қолыңнан туынды шығару, елге қуаныш сыйлаудан үлкен бақыт жоқ. Мен сурет салғаннан ләззат аламын, – дейді суретші. Елордада жүргенде суретші Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері секілді көптеген шетел азаматтарының портреттерін салып, алғысына бөленген екен. Осы ретте ол елімізде сурет туындыларының арнайы аукциондарының жоқтығын айтып, өз қынжылысын білдірді. Десе де өзі шетелге шықпай-ақ шедеврлерімен шаһардағылардың қуанышын еселеп жүргені жасырын емес. Қазіргі таңда құрғақ қылқаламмен шағын портретті 3 мың, үлкендеуін 5 мың теңгеден қас-қағым сәтте салып беретін шебер алдағы уақытта «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніндегі көркемсурет галереясына да өзінің жұмысын ұсынбақшы. Нақты уақытта оның шеберханасында 40-тан астам жеке шығармашылық жұмысы бар екен. Десек те, әлі де жаңа туынды шығаруды өмір мен өнердегі басты мақсаты етіп қойған. – Далада ешкімнен қорғанбаған соң біреулер суретіңді ұрлап кетеді. Кеше ғана өзім салған Димаш Құдайбергеннің суретін көз алдымда біреулер ұрлап кетті. Сол секілді келіншегім екеуіміз елорда саябағында сурет салып отырғанда да небір жайттар орын алған. Өнерге әркімнің көзқарасы әрқалай ғой. Халықпен жұмыс істеген соң барлығына етім үйреніп кеткен. Кейбіреулер тіпті құндақтағы баланы салып беріңіз дейді. Бірақ мен оған қарсы болдым. Отбасылық суреттерді де саламын. Кеше ғана үлкен әженің суретін салып бердім. Кейбір адамдардың ішінде ерекше образдарды өзім үшін алып қаламын. Себебі музаны мен өмірден іздеп отырамын. Адамның антропологиясына, болмыстың, жан дүниенің сұлулығына мән беремін. Маған бәрінен де өнер қымбат. Роза Рымбаева секілді өнер иелерінің портретін бетпе-бет отырып салып бергенмін. Елге танымал атқамінер азаматтар, билікте жүрген ел азаматтарын да бейнелегенмін. Қазіргі таңда өзім үшін өнердің үлкен канондарын сақтай отырып, үлкен картина салып жатырмын. Күнделікті тіршіліктен қолым қалт еткенде соған уақыт бөлемін. Немерелерім де бар. Екі-үш айда галереяға сол туындымды қоямын деп жүрмін. Үнсіз отырып-ақ ұрпаққа үлкен дүниелер қалдыруға болады. Шаһар халқы мені өте жақсы қабылдауда. Қазір көшедегілердің көпшілігін мен танымай қалып жатсам да, мені ел таниды, – дейді қылқалам шебері. Бейнелеу өнерінің арғы-бергі тарихынан, қыр-сыры мен әдіс-тәсілінен, танымал суретшілердің ғұмырнамасынан жан-жақты ой-пікірін нөсерлеткен суретші көз алдымызда «Арбатта» серуендеп жүрген бір топ жастың арасынан біз таңдап берген қыздың портретін әп сәтте айнытпай салып, тарту етіп жіберді. Маңайына қызықтап топтасқан көпшілік те, біз де еріксіз оның шеберлігіне тәнті болдық. Қалай дегенмен ғасырлар бойы ақындар мен зергерлердің музасына айналған көне шаһарға қазір де осындай суретшілер қажет-ақ. Сондықтан қылқалам шеберінің өнеріне шығармашылық шалқар шабыт, толағай табыс тілейміз!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ