Мәдениет

Музей қоры толықтырылды

Музей қоры толықтырылды

Үш мыңнан аса жәдігері бар Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің қоры тарихи жәдігерлерімен толыға түсті. Бұл жолы музейге көпбалалы ана, ардақты әже Зәтекүл Молдабаева арнайы келіп, өзі қолданған біршама бұйымдарды табыстады.

Мына самаурын кезінде анамнан сый ретінде берілген. Ол кезде небәрі 17-де едім. Ал қазір жасым 80-нен асып кетті.  қаншама қонақ, отбасым осы ыдыстан шәй ішіп, сусындады. Ал мынау, өз қолыммен тоқыған қоржын. Жастар жағы біле бермес, бұл қолөнер бұйымы тек төрде сәндік үшін ілініп тұрмайды, ертеде ата-бабаларымыз ас-ауқат, киім-кешек салып жүруге қолданған. Қолымдағы қасқыр ішікке де көп жыл болған. Жолдасым Дәулетбай мал бағу ісімен айналысқандықтан, қыста суыққа төзімді осындай тондар арнайы тапсырыспен тігілетін. Қазір техниканың дамыған заманы ғой. Кезінде бұл бұйымдар үлкен еңбекпен жасалатын. Осыны жас ұрпақ ұғынсын деп өздеріңе әкеліп отырмын. Көздің қарашығындай сақтарсыңдар, қарақтарым, – дейді қарт ана.

Айдана Шотбасова,

Байзақ аудандық тарихи - өлкетану

музейінің қор сақтаушысы