Отбасы – құндылықтар құтханасы
Отбасы – құндылықтар құтханасы
Қоғам ағзасының әр жасушасы дәулет пен ырыстың дәруменімен сусындаған отбасы екені анық. Сол секілді мызғымас мемлекетіміздің мәңгілік елге айналуына да негізгі тірек отбасы екені белгілі. Сондықтан шаңырағы шыңмен, керегесі көкжиекпен теңесер еліміздің ертеңі, кемел келешегі үшін әрбір отбасының берік болуы маңызды. Қыркүйектің екінші жексенбісі – отбасы күні. Бұл Отан Ананың бастау бұлағы саналатын әр шаңырақтың құндылығын қадірлеп, бақытын баянды етуге бағытталған айтулы мереке. Қазақта «Ұяда не көрсең ұшқанда, соны ілерсің», «Ата көрген, оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Кішіге ізет, үлкенге құрмет», «Атаңа не қылсаң, алдыңнан сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген көптеген өмір өлшемдері бар. Осы өлшемдерге қарайтын болсақ, бар мәселе отбасыдан басталатынын ұғуға болады. Ұлт болашағында отбасы ең басты тұғырды иеленеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саналы да білімді ұрпақ, бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы жағдайын қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде, ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақының көлемі мен түрлері әр жыл сайын артып, көптараптанып келе жатқаны да көңіл қуантады. Әр жылы тұрақты түрде өткізіліп тұратын «Мерейлі отбасы» байқауында еліміздегі ең үлгілі саналатын отбасылардың тағылымға толы өмірі насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы да, елімізде дәстүрге айналып кетті. Әлбетте отбасылық саясаттан бөлек, отбасылық құндылықтарды да ұмытуға болмайды. Ол халқымыздың тарихымен бірге сабақтасып келе жатқан отбасылық дәстүрлер, этикасы мен мәдениеті екені айтпасақ та түсінікті. Отбасы құндылықтарына негізделген салт-дәстүрлерді ұлықтау – әр шаңырақтың өзіндік міндеті болып саналады. Кез келген отбасының өзгелерден ерекшеленетін құндылықтары бар. Алайда отбасыдағы құндылықтардың негізі махаббаттан, сенімнен, өзара түсіністіктен бастау алып, алдағы өмірде де жалғасын табады десек, артық айтқандық болмас. Өйткені олар ғасырлар бойына маңызын жоймайтын құндылықтар. Осы бір құндылықтарды әрбір отбасы көздерінің қарашығындай сақтап, қастерлеп жүретін болса, ұлт болып ұтарымыз мол болмақ. Кейінгі ұрпақ тәрбиесінде де орасан зор рөлді иемденетіні сөзсіз. Кез келген бүлдіршін – ата-анасынан, тума-туыстарынан және жақын адамдарынан үлгі алады. Сол себепті ертеңгі өмірдің болашағы, яғни жас балаға тәрбиенің мәнділігін, оның қаншалықты маңызды екендігін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Ғасырдан ғасырға, жылдан жылға дәстүр болып жалғасын тауып келе жатқан отбасы құндылықтарының мәнін кетірмей, керісінше өркендеп, алға басуына септігімізді тигізген абзал. Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, оларға кір келтірмей жүру – барша халықтың басты парызы. Себебі отбасы – адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Ұлттық құндылықтардың бастауы да отбасы. Әке – отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Көзін ашқаннан көргені мен естігені бала жадында тасқа басқан хаттай жазылып қала беретіні анық. Бақытын баладан іздейтін ата-ана «Не ексе соны оратынын» біліп, өзінің әрбір сөзі мен әрекетіне мән беруі абзал. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін, қазақ шаңырағына ғана тән, жазылмаған қағидалар – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі. Сондықтан отбасымыз берік, Отанымыз бейбіт, жетістігіміз биік болсын, құрметті оқырман! Айсана НҰРБАП