Ресейде сақталған «алтын қорымыз» елге қашан оралады?
Ресейде сақталған «алтын қорымыз» елге қашан оралады?
Қазақ киносының інжу-маржаны саналатын халықтық мұралармен қайта қауышатын күн алыс емес. Нақтырақ айтқанда, Ресейдің мемлекеттік фильмдер қорында жатқан Кеңес өкіметі жылдары түсірілген ұлттық фильмдеріміздің түпнұсқасын цифрлы форматқа көшіруге әзірлік жұмыстары басталып кетті.
КСРО-ның кино өндірістік заңдылығына сәйкес, Кеңес Одағы республикаларында түсірілген барлық фильмдердің түпнұсқаларын Мәскеу облысында орналасқан Ресейдің Мемлекеттік фильмдер қорына өткізуге міндетті болатын (Домодедово қаласы, «Белые Столбы» ауданы). Сондықтан 1925-1993 жылдар аралығында түсірілген қазақстандық фильмдердің таспалық түпнұсқалары аталған мекемеде сақтаулы. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қорда мыңнан астам түрлі жанрдағы туынды сақтаулы, картиналардың ішінде Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Виктор Чугунов сынды өзге де қазақ киносы классиктерінің шығармалары бар.
Талайдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселенің оң шешімін табуы бүгінгі көрермен ғана емес, осы салада жүрген мамандарды да қуантқан үлкен жетістік болды. Өйткені архивтегі таспада сақтаулы жатқан дүниеге екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Ал біздегі қолданылып жүрген азғантай көшірмелер әлдеқашан кетеуі кетіп, ескіріп, қайта көшіруге жарамсыз болып қалған.
Жуырда ұзақ жылдан бері кино саласында еңбек етіп жүрген ерлі-зайыпты кинематографистер Тоқтар мен жұбайы Майра Қарсақбаевтар Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына ашық хат жазып, кино саласындағы ондаған жылдар бойы шешімі табылмаған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, көмек сұраған еді. Ізінше қордағы төл туындыларымыздың көшірмелерінің толық тізбесін сатып алу, сондай-ақ таспаланған көшірмелерді сандық форматқа көшіру жұмыстарын біріздендіру бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен аталған жұмыстардың қолға алынғандығы турасында сүйінші хабар кешікпей жетті.
Суретте: продюсер Майра Қарсақбаева мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен бірге. Сурет жеке архивтен алынды.
– Хатымыздың Президентке жете қоятынына сенбеген едік. Бірақ ашық хатымыз жолданған соң Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан назарға алынып, министр Ақтоты Райымқұловамен кездестік. Қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кезінде бұған талай ақша да бөлінген, бұл бөлек әңгіменің жүгі, – дейді Майра Қарсақбаева.
Оның айтуынша, қазір «Қыз-жігіт» (реж. Павел Боголюбов, 1955), «Менің атым Қожа» (реж. Абдолла Қарсақбаев, 1963), «Тақиялы періште» (реж. Шәкен Айманов, 1968), «Қыз Жібек» (реж. Сұлтан Қожықов, 1970), «Арқамызда Мәскеу» (реж. Мәжит Бегалин, 1970) сынды көркем фильмдер іріктеліп, цифрлы көшірмесін жасау бойынша жұмыстар пысықталып жатыр. Аталған мәселе былтыр «Egemen Qazaqstan» газетінде де (2019 жылғы 16 тамыз) көтеріліп, Майра Қарсақбаеваның газетке берген сұхбатында қазақ киносының цифрлы топтамасын тездетіп жасақтап, Ресей Федерациясы кинофильмдерінің бас архивінде сақтаулы тұрған қазақ фильмдерінің түпнұсқасын алу керектігі айтылған еді.
– Иә, «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы бұл мәселені қозғадық. Мұны бір мен ғана айтып жүрген жоқпын, бұл – қазақ киносына жаны ашитын талай қазақтың талап, тілегі. Бір жағынан фильмдерімізді шашау шығармай сақтап келген Ресейдің архивіне алғыс айтуымыз керек. Егемендік алған жылдары фильмдерді қайтарып та алуымызға болатын еді, бірақ оны сақтайтын бізде мүмкіндік те, орын да жоқ. Нұрмұхан Жантөриннің бобинасын (кино таспасын) қоқысқа лақтырып жатқанды көргеннен кейін, мұның қадіріне жететін мамандардың бізде бар екеніне күмәнді, – дейді ол.
Ал жобаға нақты қанша қаржы бөлінетіні әзірге белгісіз, өйткені фильмдерді қайта өңдеп, заманауи бейнетасымалдағыштарға жүктеу бір күннің шаруасы емес.
«Мысалы, «Менің атым Қожа» фильмі таспасының ұзындығы 1600 метр шамасында. Өзге фильмдердің де ұзақтығы осыған пара-пар. Бір фильмнің көшіру шығынын есептеген соң барып қана нақты айтуға болады. Таспадағы әр кадрды мұқият қарап, кескін түсін өңдеу сынды жұмыстар жүргізу керек болады. 30 жыл шыдап келдік қой, тағы аз күте тұруға болады», деп жымиған продюсер кемі 50 фильмді сандық жүйеге түсіруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол кинотарихымызды елге қайтару сынды абыройлы міндетке атсалысуда қазақ киносын көтерген қайраткер Олжас Сүлейменовтің ықпалы зор болғанын, биік беделімен-ақ көптеген ұйымдастырушылық және өндірістік мәселелерді сапалы және нәтижелі шешуде аянып қалмағанын жеткізді.
«Президентке хат жазған соң мәтінді әуелі Олжас Омарұлы Сүлейменовке көрсеттім. Толығымен қолдайтынын айтқан ағамыз, тиісті орындарға хабарласып, мәселені реттеу қажеттігін тапсырды. «Майра, ендігісі өз қолыңда. Фильмдерді әкелу жағын өздерің жүргізіңдер», деді. Ол кісі бұрыннан біздің кез келген жобамызға айрықша ықыласын танытып келеді», дейді Майра Қарсақбаева.
Осынау отандық кино тарихындағы елеулі оқиғадан шет қалмай, нағыз жанашырға айналған Олжастай ағамыздың өзімен тілдесіп, пікірін есту мүмкін болмады. Әйтсе де «Қазақфильм» киностудиясының сценарисі, сонан соң сценарийлер алқасының бас редакторы қызметіне келген шағында «Қазақ киносы деген шөл далаға келдім. Егер сол шөлді теріммен суарып, жаңа қазақ киносының бірнеше шыбығын өсірсем, міндетім орындалар еді», деген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, кинодраматургтің батыл мәлімдемесін тағы бір жаңғыртып, еске алуды қош көрдік.
2006 жылдары «ТұранӘлем» банкінің қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Хабар» агенттігі «Белые Столбы» архивінде жатқан 30 қазақ фильмінің қайта өңделіп, елімізге қайтарылуына мүмкіндік жасағаны есімізде. Қазір әлемдік кез келген кинотуындыны интернеттен, өзге де ашық дереккөздерден қиналмай-ақ тауып, қалаған уақытыңызда көруге болады. Ұлттық жауһарларымызды шашауын шығармай түгендеп, көрермен қауымды сүйікті фильмдерімізбен қайта қауыштыру сияқты орайлы сәт бізге де туып тұр екен. Сондықтан қазақ киносының қалыптасуы мен өркендеу жолындағы дәстүрлі мектеп есебіндегі тарихи картиналарды кері қайтару кезек күттірмейтін һәм мұқият жауапкершілікті қажет ететін аса маңызды шаруа екенін тиісті тарап қаперінде ұстаса дейміз.