Әріптесіміздің төртінші туындысы
Әріптесіміздің төртінші туындысы
Расында, «Еңбек – бәрін жеңбек». Дәл осы сөз Әселкүл апайға қарата айтылған. Екеуі егіз ұғым десек те болады. Шағын ауылда дүниеге келген апамыздың өмірі еңбекпен өрілген. Өзі шаруа адамы. Бәріне еңбек арқылы қол жеткізген. Бақытқа жету, бақытты болу жолында талай қиыншылық көрген, соның бәрін еңсерген. Осы өмірде әйел-ана бақытын тапқан жан. Ол кісінің тұла бойынан қазақ әйеліне тән мінезділікті, өжеттілікті, даналықты көруге болады. Іскерлік те өзіне тән қасиет. Бар бақытым балаларым дейтін апамыздың жүрегі кең, ниеті ақ, пейілі таза. Ортасына сыйлы да қадірлі. Кітапты оқығанда басты кейіпкермен бірге өмір сүргендей әсерде болдым. Біраз ой түйдім. Адамзат баласының бақытты немесе бақытсыз болуы тек қана өзіне байланысты екенін түсіндім. Кез келген жетістіктің негізінде еңбек жататынын аңғардым. Өмір қиыншылықсыз болмайтынын ұғындым. Әйел адам үйде де, қоғамда да белсенді, пайдалы бола алатынын білдім. Осының бәрін оқырманға қарапайым тілде жеткізген автордың жазу шеберлігіне сүйсіндім. Бұл Дүйсенбек ағаның бірінші кітабы емес. Бұған дейін «Жеңіске үлес қосқандар», «Аққан жұлдыз», «Дала дауысы» атты кітаптары оқырманға жол тартқан. Құрметті де қымбатты әріптесімізге шығармашылық табыс тілейміз. Шабытыңыз шалқар, денсаулығыңыз мықты, отбасыңыз аман болсын. Жазарыңыз таусылмасын, ардақты аға! Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ, «Шұғыла».