«Шапағат нұры» оқырманға жол тартты
«Шапағат нұры» оқырманға жол тартты
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікованың «Шапағат нұры» атты кезекті жинағы қалың оқырман қауымға жол тартып отыр. Екі бөлімнен тұратын жинақтың алғашқы бөліміне ақынның өлеңдері топтастырылса, екінші бөлімге хаттар, қолтаңбалар, арнау өлеңдер мен естеліктер, сұхбаттар мен мақалалар жинақталыпты. Мұнда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің ақынды мерейтойымен құттықтаған жеделхаты да жарияланған. Жалпы көлемі 19 баспадан асатын кітаптағы жүрекке жылы тиетін өлеңдер мен өзге де дүниелер оқырман қауымды бейжай қалдырмайды деген ойдамыз.
Кезінде әйгілі ақын Мұхтар Шаханов:
«Ұғуға тырысқан заманның сырын,
Айдарлы ай маңдай ақынсың, Шырын!
Ұлтыңның мұңынан аспасын,
Өзіңнің мұңың!
Бұдан соң тек қана
Шаттықтан шалқысын нұрың!» – деп Шырын Мамасеріковаға өз арнауын арнаған екен. Осы бір жолдар да кітапқа енгізіліпті.
«Ғашық едім өнерге,
Құштарлығым сөнер ме.
Қанатымды қайырып,
Қайғы бұлты төнер ме?
Кім сүртеді жасымды,
Кім сүйейді басымды.
Күлпарша боп шыныдай,
Үміттерім шашылды» – деп жырлаған Шырын ақынға ендігәрі үмітіңіз алға жетелесін дегіміз келеді. Ақынның нәзік жүрегін жарып шыққан кітаптағы жыр шумақтары өз оқырмандарының көңіліне қонатыны сөзсіз деп білеміз.