«Ұстазымыз Болат аға бізді баласындай тәрбиеледі»
«Ұстазымыз Болат аға бізді баласындай тәрбиеледі»
Есет ДОСАЛЫ, айтыскер ақын, облыстық «Аq jol» газетінің тілшісі
Уақыттан жылдам, уақыттан қадірлі, уақыттан бағалы не бар екен?! Бәрі кеше ғана секілді еді. Міне, өзіміз алғашқы күнінен еңбек еткен, біздер үшін ыстық, қымбат, аяулы басылым облыстық «АRAI» жастар газетінің жарық көргеніне де 15 жыл болыпты.
«АRAI»-да жүргенде қандай қызық, қандай қиындық өтпеді дейсіз! Бәрі де өтті. Әуелі газет әкімдіктің қолдауымен үш ай бойы 5 мың данамен тегін шықты. Жиырма бес-отыз газеттен ұстап алып, көше кезіп таратқан күндерді қалай ұмытайын? Ал өзімнің «АRAI»-ға жұмысқа орналасуымның өзі бір қызық оқиға. Жастар газетінің жарық көргелі жатқанын ақын Азамат Есалыдан естідім. «Сен де кіріп алмайсың ба. Газеттің бөлім меңгерушісімін», деп Азекең азуын айға білеп тұр. Қызығып кеттім. Ауылдан аппақ көңіл, аппақ арманмен Таразға келген кезім. Азамат екеуміз қызды-қыздымен бас редактор Болат Бекжановтың үйінен бір-ақ шықтық. Болат ағамыз бізді жылы шыраймен қарсы алғанымен жұмысқа қабылдамайтынын ашық айтты. «Орысшаға судай болсаң қазір қабылдаймын» дейді. Өмірімде бір орыс көрмегенмін. Орысшам қалай судай болсын? Осылайша жұмыстан күдерімді үздім. Бірақ әлденемді жоғалтқан адамдай «АRAI» жаққа күн сайын барып тұрамын. Бөлім меңгерушісі Азекең маған тапсырма береді. Ертеңіне тастай қылып орындап келемін. Сөйтіп жүргенде Меркі ауданына жолым түсіп, бір жағдайға куә болдым. Ауыл мешітінің дәл қасында мүрделер орналасқан екен. Мешітке кірсең терезеден жарысып мазар салып жатқан адамдардың пендешілігін көресің. Алдында ғана өзімнен екі жас үлкен ағам бақилық болған еді. Көңілімді тербеп, қолға қалам алдым. Арада бір-екі күн өтіп, Меркіден қайтқанда көлікте студент қызбен қатар отырып қалдық. Арманы асқақ студент туралы да жазылды. «Тарабашылар таласы» деген тағы бір мақала дайындадым. Тараба – Ораза кезіндегі намаз. Қасиетті Ораза айында тараба намазынан қайтып келе жатып ел ағасы жасынан асқан азаматтардың төбелесіп жатқанын көрдім. Осы бір көрініс жаныма маза бермеді. Сонымен не керек, бас-аяғы алты мақала дайындап, редакцияға бардым. Бас редактор Болат Бекжанов мақалаларымды газеттің кезекті екі санына жариялап жіберді. Кейін шақырып алып: «Есет, сені ертеңнен бастап жұмысқа аламын», деді. Сонда сасқанымнан әрі қуанғанымнан «Қарап жүргенше, істей берейін» деппін ғой. Осылайша 2005 жылдың қазан айында жұмысқа қабылдандым. Ертесі күні-ақ бас редактор Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) іссапарға жіберді. Елордаға барып Өмірбек Байгелді, Жандар Кәрібаев, Әмзебек Жолшыбеков, Жазыбек Әбдиев секілді қоғам қайраткерлерінен сұхбат алып келгенім бар. Сонда қызметтік куәлігім де жоқ. Жеке төлқұжатыммен ҚР Парламенті үйіне кіріп, сұхбат алып жүрмін. Жастықтың жігері, жалыны қандай десеңізші?!. Ол кезде «АRAI»-да істейтіндер көп емес еді. Бас редактордың орынбасары Бақытжан Оспанов, жауапты хатшы Марат Құлибаев, бөлім меңгеруші Азамат Есалы, фототілшісі Алтынбек Қартабаев, тілші Хамит Есаман екеуміз болдық. Одан бөлек бас есепші болып Бақыт Төлегенова, техникалық бөлімде Асыл Қартабаева мен Динара Естаева есімді қыздар еңбек етті. Бәріміз әр тараптан келгенбіз. Бұрын редакцияда істемегенбіз. Жалындап тұрған жастармыз. Газет шығару бәріміз үшін қызық. Газет шығару қызығымен қоса қиын. Кейде түнді асырып, таңға жақын қайтамыз. Сонда да қиналып, қабақ шытып жүрген ешкім жоқ. 2005 жылдың желтоқсанында Шолпан Бөгенбаева жауапты хатшы, 2006 жылдың ақпанында Гүлнұр Ембердиева мен Мади Рахманбердиев тілші болып келді. Арада 9 ай өткенде Гүлнұр Бақытқызы бас редактордың орынбасары болып тағайындалды. Ал бас редакторымыз Болат Бекжанов бәрімізге ұстаз, қамқоршымыз, әкеміздей болатын. Бізді бір үйдің баласындай етіп тәрбиеледі. Сәл кейінірек әр жылдарда Ерлан Жүніс, Әзірет Барбол, Өркен Кенжебек, Дәулет Төленді, Табиғат Абаилдаев, Нұрболат Әлдибеков, Салтанат Әлімқұлова, Данияр Әлімқұл, Қамар Қарасаева, Телғара Үсенбайұлы, Тұңғыш Жанұзақов, Талғат Нұрханов, Арайлым Шабденова тілші болды. Бас редактордың орынбасары болып Тұрсынбек Сұлтанбек, дизайнер болып Ғани Сүгіралиев еңбек етті. Қазір Хамит Есаманның ««Egemen Qazaqstan», Нұрболаттың «Жас Алаш», Өркеннің «Хабар» арнасында, Табиғаттың «Аq jol» газетінде еңбек етуіне, Алтынбек Қартабайдың елімізге танымал фототілші болуына, (осы жолдардың авторының да) қалыптасуына алты жыл басшы болған алғашқы бас редакторымыз Болат Үмбетәліұлы көп еңбек сіңірді. Кейіннен Гүлнұр Ембердиева мен Дәулет Төлендінің бас редактор болуы да Бекжановтың тәрбиесі, алапат еңбегінің жемісі. Біз «АRAI»-да аңыз адам Әлдихан Қалдыбаевпен жеті жыл бірге еңбек еттік. Өңірімізге белгілі Әлмұхан Исақов пен Қуандық Тұрдалин сынды азаматтар сараптама мақалалар жазып тұрды. Редакциямызға ақын Жақсылық Сәтібеков, күйші Әбдімомын Желдібаев, жыршы Аяз Бетбаев, журналистика ардагері Баттал Жаңабайұлы, жазушы Бақтыяр Әбілдаұлы, театр майталманы Тұрар Дүйсебаев жиі келетін. Біз осындай аңыз адамдарды көріп қалыптастық, армандарға қол создық. Әр жылдары жастар басылымын Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Бақытқызы, Масат Берік басқарды. Әр редактордан үлкен қолтаңба қалды. Қазіргі редакторы Дәулет Төленді де газеттің беделін биіктете түспесе, төмендеткен кезі жоқ. 2015 жылы «АRAI»-дан облыстың бас газеті «Аq jol»-ға Көсемәлі Сәттібайұлының шақыруымен ауыстым. Он жыл еңбек еткен «АRAI»-ды қимадым. Байқаймын Бақыт әпке, Шолпан, Алтынбек аға, Дәулетке де менімен қоштасу оңай соқпады. Әсіресе сол кездегі бас редактор Гүлнұр Бақытқызының: «Есет, «Аq jol» – аға газет. Жолың болсын! Өсемін, өнемін деген азаматтарды ұстамаймыз. Бірақ онда үйренісе алмай, қайтадан келгің келсе «АRAI»-дан қашанда саған бір орын дайын» деп еді. Сол кезде «АRAI» да өз орыным бар екен-ау...» деп керемет толқыдым. Кейін газеттің он жылдығына орай «Жастар басылымындағы он жыл» атты кітап жаздым. Бұл еңбегім мені қалыптастырған, үлкен ортаға қосқан «ARAI»-ға алғысым еді.