жұма, 22 қараша, 2024 18:57

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тарихи орындарда неге жылу жоқ?

Тарихи орындарда неге жылу жоқ?
ашық дереккөзі
Тарихи орындарда неге жылу жоқ?

Тасын түртсең толағай тарихы сыр шертетін киелі Әулиеата топырағында төрткүл дүниенің таңданысын туғызатын тарихи орындар жетіп артылады. Олардың әрқайсысы тек өңірдің һәм жалпы қазақтың тарихына ғана емес, түп тамырымыз түркілердің заманындағы талай сырды қойнауына басып жатқаны анық. Бұл өз кезегінде туризм саласын түлетіп, ел табысын тасытуға таптырмас мүмкіндік екені айтпасақ та түсінікті. Дегенмен дүниежүзін дүрбелеңге салған пандемия талай шаруаға деген ықыласымызды бір бұрышқа ысырып қойды. Қысы-жазы қызығушылығы сарқылмайтын туристердің қарасы азайды. Сапары сиреді. Оның үстіне қыр астынан қылышын сүйреткен қыс мезгілінде аймақтағы тарихи орындардың жағдайы жыл сайын көпшіліктің көңілін көншітпейтін. Биылғы ахуал қалай? Соны саралап көрген едік.

Бүгінде әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруге ұмтылып отырған Қазақстанның алдында тұрған ұланғайыр міндеттер аз емес. Әлемдегі дағдарысты кезеңнен сүрінбей өтудің әрқилы жолдарын Елбасы да, Мемлекет басшысы да әрдайым айтып жүр. Оның басты бағыттары мемлекеттік бағдарламаларда да тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Көгінде ұшқан құстың қанаты талатын, әлемде көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын Қазақстанда туризмді дамытуға әлеует жеткілікті. Кең байтақ қазақ жерінде Жаратқанның өзі бере салған шұрайлы өлке, кім-кімді де өзінің көркем келбетімен тамсандыра алатын тұмса табиғат аз емес. Күллі адамзат тарихынан сыр сапыратын тарихи орындар да жетерлік. Осыған дейін дүниенің түкпір-түкпірінен және ел аумағынан ағылып келетін меймандардың басым көпшілігі аймақтағы тарихи орындардағы сервистік қызметтің сапасына назын айтатын. Қазір бұл мәселе шешімін тауып келеді. Десек те түбегейлі арылдық деп айтуға болмас. – Өзім Түркістан өңірінің тумасымын. Жыл сайын болмаса да, екі жылда бір рет отбасымызбен Алматы, Қызылорда, Шымкент және тарихи Тараз шаһарын шарлап қайтуды дәстүрге айналдырғанбыз. Әрине Тараздың табиғаты да, тарихы да, халқының қонақжайлылығы да керемет. Оның үстіне жыл бойы көне шаһарда бой көтерген «Тектұрмас» кешенін көруді армандадық. Ақыры жолымыз түсіп, сәулетті ескерткішке разы болдық. Өзім жоғарғы оқу орнында ұстаздық еткендіктен, балаларымыз да бір уақыт ғаламтордан бас көтеріп, еліміздің тарихымен сусындаса деймін. Десек те байтақ даламызда әйел затының құрметіне салынған алғашқы ескерткіштердің бірі Айша бибі мен қасиетті Қарахан кесенелеріне қыс мезгілінде бас сұғу қиынырақ. Әрине бастысы сынау емес, ниет. Дегенмен басында отырған қызметкерлер үшін арнайы жылы орын қарастырылған. Ал біз секілді жолдан жаурап келетіндер кесененің ішінде отырып, тарихымен таныса алмайды. Балаларымыз кіре сала сыртқа, көлікке қарай жүгіреді. Сондықтан көбіне жаз мезгілінде келуге тырысамыз. Биыл да «Тектұрмас» кешенін көру мақсатында уақыт тауып арнайы келгендіктен, аталған кесенелерді аттап өте алмадық, – дейді Шәрбану Үсенова. Жасыратыны жоқ, кесенелердегі жылу мәселесі тек біздің өңірде ғана емес, іргелес жатқан, тіпті сол Түркістандағы тарихи орындарда да бар. Бірақ Арыстанбаб секілді киелі орындарда алыстан келгендер үшін аттан түсіп һәм түнеп шығатын арнайы орындар, қолжетімді қонақүйлер қарастырылған. – Арғы жылдары Айша бибі мен Қараханға келгенімізде тіпті әжетханаға кіруіміз мұң болған. Қуанары биыл бұл мәселе шешімін тауыпты. Осымен Тараздағы киелі орындарға алтыншы рет келіп тұрмын. Осында туыстарымыз тұрады. Әйтпегенде Тараздағы тарихи орындарда қонақүй қарастырылмаған. Қазір мұнда кассалық жүйе орнатылыпты. Бұл бір жағынан тарихи орындардың әлеуетін арттыруға, қызмет сапасын жақсартуға бағытталған шаруа деп ойлаймын. Енді тек тарихи орындарға қыс мезгілінде жылыту жүйесін орнатып қойса нұр үстіне нұр болар еді. Кезінде осы жерге өзімнің ата-анам, әжелерім барып келдік деп айтып отыратын. Қазір өзім бала-шағамды ертіп келемін. Сондықтан мұндай киелі орындар қай заманда да елдің қазынасы болып қала бермек, – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Ерсін Ілиясов. Азуын айға білеген алпауыт елдердің табысын тасытқан туризм саласы еріккеннің ермегі емес екенін уақыт дәлелдеп отыр. Аты жаман індет адамзаттан алшақтаса аймағымызға алыстан ат терлететіндердің де қарасы қалыңдайтыны анық. Осы ретте мәселенің мән-жайын айтып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаевтың да пікірін білдік. – Өздеріңізге мәлім, карантин басталғалы бері келушілердің қатары сиреді. Десек те музей қараушысы мамандары таңғы сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін карантин талаптарын қатаң сақтау режимінде жұмыс істеп отыр. Өкінішке қарай аталған тарихи орындардың маңында қонақүй соғылмайды. Дегенмен демеушілердің көмегімен ыстық, суық су және газ тарттық. Сонымен қатар Айша бибіге үш фазалық жарықтандыру жүйесін тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Ал жылуға келсек, тарихи орындарға жылыту жүйесі орнатылмайды. Себебі ол көне нысанның реставрациялық келбетін бұзып жібереді. Мәселенің негізгі мән-жайы осы. Әйтпегенде әрбір тарихи орындардағы мамандарымыз үшін арнайы жылы орындар қарастырылған, – дейді ол. Осылайша қысқы мезгілде бірі карантиннің, екіншісі суықтың салдарынан келушілер де азайған сыңайлы. Қайткен күнде де талғам, тілек пен талап бір арнаға тоғыспады. Әдеттегідей туризм арқылы жылдың әр мезгілінде толағай табыс тауып отырған еуропалықтардың тәжірибесінде бұл мәселе қалай шешімін тапқан? Экономикалық тұрғыда еңселілерге ел болып ентелеп еліктегенімізбен, осы жағымыз еңкіш тартып кетпесе екен.

  Нұржан Қадірәлі
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар