Мәдениет

Тарихтан сыр шерткен көрме

Тарихтан сыр шерткен көрме

Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Жамбыл, Түркістан облыстарының арасындағы өңіраралық байланыс жыл санап нығайып келеді. Ежелден еншісі бөлінбеген қос облысқа ортақ дүние көп. Мыңжылдықтан терең тамыр тартатын тарихынан бастап, бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, тұрмыс салтына дейін ұқсас өңірлер арасындағы әріптестік байланыстың мәдени-рухани әлемдегі үндестігін өткен аптада Тараз қаласында ұйымдастырылған Түркістан облыстық «Бейнелеу өнері» музейінің қорынан жасақталған «Түркістан тарихы» кең ауқымды жылжымалы көрмесінде кезекті рет тани түстік.

Түркістан, Жамбыл облысы әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара «Бейнелеу өнері» музейінің құнды жәдігерлерінен жасақталған көрме арқылы тараздықтар мен қала тұрғындары Түркістан облысының тарихи шежіресін суретшілердің қаламынан туған туындылар арқылы тануға мүмкіндік алды.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мұндағы жәдігерлердің оңтүстіктегі өлкенің тарихы мен бірге табиғатының сұлулығын да танытуды мақсат ететінін тілге тиек етті.

–Түркістанның мәдениеті ежелден өзінің бай тарихымен ерекшеленеді. Өңірдің табиғаты да өнер адамдарына шалқар шабыт сыйлайды. Міне сондықтан да «Түркістан тарихы» кең ауқымды жылжымалы көрмесін тамашалаушылар көне ортағасырлық Отырар, Түркістан, Сидақ, Созақ, Сауран, Сайрам, Шымкент шаһарлары, Қазығұрт, Қаратау мен Алатау таулары, Мырзашөл мен Қызылқұмның берекелі құмдары, Сырдария мен Арыс сияқты өзен сулары, жазиралы даланың ғажап көріністеріне көз сала алады. Қылқалам шеберлерінің назарынан ұлы тұлғалардың бейнесі,  тылсым табиғат көріністері, халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері де шет қалмады, – деді Ә.Қойлыбаев.

Расында мыңжылдық өлкенінің бүгіні мен өткенін мың  түрлі бояумен өрнектеген көрме жәдігерлері белгілі бір хронологиялық тәртіппен орналастырылған. Әрі келушілер назарына музей қорынан алынған құнды туындылар мен фотосуреттер топтамасы ұсынылады. Сегіз тақырыптық бөлімнен тұратын көрмедегі әр бөлімнің өзіндік ерекшеліктері ә дегеннен көзге түседі.

–Мәселен көркемсурет галереясының фойесіне орналастырылған «Фотокөрме» бөлімінде «Түрленген Түркістан» көрме-байқауында жүлделі орынға ие болған шығармашылық фотосуреттер топтамасы жұртшылықтың назарын өзіне аударады. «Жер кіндігі – Қазығұрт» бөлімінде киелі мекеннің тарихы, оған қатысты аңыз-әңгімелер суреттелген туындылар ұсынылды. Өлке табиғаты мен тарихына қатысты туындылардың енді бір шоғыры «Түркістан табиғаты», «Түркістан тарихы», «Хандық дәуір» ,«Кеңес дәуірі» бөлімдеріне шоғырланған. Ал «Танымал тұлғалар» бөлімі Түркістаннан шығып республикаға, күллі әлемге аты мәшһүр болған тұлғалардың бейнесін тамашалауға мүмкіндік береді. «Облыстық өндіріс орындары, дамуы, өркендеуі» бөлімі өңірдің экономикасында жетекші рөлге ие кәсіпорындардың қалыптасу тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар береді. Жалпы көрмеге 100 кескіндемелік шығарма, 40 ауқымды көлемдегі фотосурет қойылды, – дейді Түркістан облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов.

Шынында жылжымалы көрме арқылы жамбылдықтар Түркістан облысының тарихи, табиғаты, бүгінгі жағдайымен танысып, жергілікті суретшілердің шығармашылық ізденісінен де хабардар болды.

  Талғат Берікбайұлы