Мәдениет

«Тіл – татуластық туы»

«Тіл – татуластық туы»

«Достық» үйінде облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық «Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тіл-татуластық туы»  атты фестиваль өтті. Іс-шарада аймақтағы оқу орындарының белсенді студенттері мен өзге этнос өкілдері түрлі ұлттың мәдениеті, өнері мен тұрмыс-салтын көрсетті. Мәселен, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі-Қазақ ұлты болып шықса, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан қатысқан жастар Өзбек ұлтымен таныстырды. Сонымен бірге, байқауда Ұстаз институты-Қытай ұлты, Жамбыл жоғары медициналық колледжі Орыс ұлты, М.Х.дулати атындағы Тараз өңірлік университеті – Ағылшын ұлты, тараз инновациялық гуманитарлық университеті Кәріс ұлты, Тараз техника және бизнес колледжі Украин, Байзақ ауданының жастары Қырғыз ұлтының тыныс-тіршлігіні паш етті.

Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрсифат Салықова, фестиваль қатысушыларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Фестиваль барысында қатысушылар алдымен өздеріне бекітілген ұлттың тілімен таныстырып, екінші кезеңде өз өнерлерін көрсетті. Мұнда дәстүрлі ән мен би көрермендерге ұсынылды. Соңғы үшінші кезеңде салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары жайлы мәлімет берілді.

Облыстық «Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы ҚаныбекМұратбаев осындай фестивальдердің көптеп ұйымдастырылуы достастықтың одан әрі нығаюына септігін тигізеді дейді.

Сайыс соңында төрешілер көрермендердің бағалауын ескере отырып, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде, Байзақ ауданы жастары 1-орын, Жамбыл жоғары медициналық колледжі - 2 орын, Тараз инновациялық гуманитарлық университеті -3 орынға ие болды.

 

Айжан Өзбекова