Әулиебастау мен Таскөлді туристік орталыққа айналдыра аламыз ба?
Әулиебастау мен Таскөлді туристік орталыққа айналдыра аламыз ба?
Өңірімізде туризм саласын дамытудың барлық мүмкіндіктері қарастырылуда. Мысалыға, Жамбыл ауданында жалпы 221 тарихи-мәдени құнды ескерткіштер бар екен. Олардың ішінде тарихи Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Әулиебастау» мен «Таскөл» туристік нысандарының маңызы ерекше. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мадиев Жамбыл ауданына барған жұмыс сапарында аталған нысандардың бүгінгі жағдайымен танысып, болашақтағы мүмкіндіктеріне назар аударды.
Тараздан 33 шақырым қашықтықта жатқан «Әулиебастау» бұлағының жанында VI –XIII ғасырларда Әулиебастау деген қалашық болған екен. Бұл қалашық Орта Азияға іссапармен келген орыс шығыстанушысы В.В.Бартольдің еңбегінде: «Абдуррахман» деген атпен қалған. «Әулиебастау» бұлағының суы жылдың барлық мезгілінде +16 градус жылылықты сақтап тұрады. Бұлақ суының құрамында адам денсаулығын жақсартуға қажетті 17 түрлі микроэлеметтер бар. Олардың негізгісі магний, калий, иод. Кәсіпкер Еркін Өскеленовтің осы маңда мал жайылымға арналған 50 гектар жері бар екен. Енді Е.Өскеленов осы бұлақ басынан нысандар салып, келушілердің емделуіне қолайлы жағдай туғызып, демалыс орнын салып, тал –дарақтар егіп, көгалдандыруды қолға алмақшы. Бұл туралы облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев та түсіндіріп өтті. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралы да аталған демалыс орны жақсы табыс көзі болатынын айтты. Ал негізгі асфальт жолдан «Әулиебастау» бұлағына дейінгі 1,7 шақырым жол асфальтталып, көлік тұрағы жасалыпты. Бұл мақсатта 32 миллион теңге қаражат жұмсалған. Кәсіпкердің айтуынша ендігі мұнда демалыс орнын салу және абаттандыру үшін 100 миллион теңге қажет. Алмас Мадиев: «Кәсіпкер азаматтың демалыс орнын саламын дегені өте орынды. Бірақ, мұндағы балшықтың емдік деңгейі қандай? Қандай ауруға ем, оны қалай пайдаланады? Мұны ғалымдармен, дәрігер мамандармен тағы ақылдасу қажет. Ал Еркін Өскеленовты қолдап, қаражаттың бөлінуіне күш саламыз. Қажетті құжаттарды дайындауды туризм басқармасы мен Жамбыл ауданы әкімдігіне тапсырамын» деді.
Мұнан соң Алмас Өскенбайұлы Тараздан 55 шақырым қашықтықта жатқан «Таскөл» туристік нысанында болды. Мұнда балық өсіруге және балық аулаушыларға арналған демалыс орындарын салуға мұмкіндік бар. Кәсіпкер Абай Асылов мұнда тұқы, сазан, мөңке, шортан және басқа да балық түрлері кездесетінін, «Таскөлді» туристік демалыс орнына айналдыруға шамамен 200 миллион теңге кететінін айтты. Ол үшін алдымен негізгі асфальт жолдан «Таскөлге» дейін 2,8 шақырым асфальт жол салынып, жарық тартылуы қажет. Бұл арада «ҚазТрансГаз» мекемесімен келісетін ортақ мәселе бар көрінеді. «Таскөлден» біз салмағы 4-5 келі болатын ірі сазан балықтарды, су шаяндарын көрдік. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мадиев: «Таскөлдің» суы таза екен. Балығы ірі. Мұнан да ірі балықтар кездесетіні анық. Мұнда туристік нысан салу пайдалы. Біз асфальт жол салып беруге, басқа жағынан да көмектесуге дайынбыз. Бірақ, қаражатты барынша үнемді жұмсауымыз қажет. Нақты қанша қаражат кетеді ол жағы дәл есептелуі тиіс» деп сапарды қорытындылады.
Есет ДОСАЛЫ