Мәдениет

Ынтымағы жарасқан ұйымшыл ұжым

Ынтымағы жарасқан ұйымшыл ұжым

2005 жылы Жамбыл облысында жастар газетінің ашылуы аймақтың рухани өміріндегі айтулы оқиға болды. «ARAI» аз уақытта-ақ аяғына нық тұрып, шығармашылықты шыңдайтын шаңыраққа айналып үлгерді. Редакцияға талантты жастар топтасты. Басылымның алғашқы сандарының біріне менің де Жаңатас жастары туралы жазған ақпаратым жарық көрді. Кейіннен поэзия әлемі, студенттік өмірдің қызықтары, қоғамдағы түйткілді мәселелер туралы жазған-сызғандарым жарияланып жатты. Көп ұзамай бас редактор Болат Бекжан ағамыз жұмысқа шақырғанда қуанышым қойныма сыймай кеткені бар. Бірақ отбасы жағдайына байланысты Сарысудан келе алмадым.

Дегенмен араға жылдар салып, «ARAI»-да қызмет ету бақыты бұйырды. «Сабақты ине – сәтімен» деген осы болса керек. Аллаға шүкір, үш бөлімге жетекшілік еттім. Үш жылдан аса бас редактордың орынбасары болдым. Осы кезеңдерде бас редакторлар Гүлнұр Ембердиеваның, Масат Беріктің, Дәулет Төлендіұлының бастамасымен, ынтымағы жарасқан ұжым мүшелерінің қолдауымен бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асырдық. Оның барлығы да оқырманның көз алдында. Өмір өзгерістен тұрады. «ARAI»-дан басқа жұмысқа ауысқаныма көп бола қойған жоқ. Десек те сәулелі сәттер санаға сағыныш болып оралып тұрады. Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылыс жұмыстарынан бастап, ауқымды шараның жабылу салтанатына дейін ақпараттар топтамасын әзірледік. «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында сан саланың сырына үңілдік. Есімі елге елеулі тұлғалармен жүргізген сұхбаттарымыз да естен кетпейді. Шалғайдағы жастардың тыныс-тіршілігімен танысу, оларды толғандыратын мәселелерді саралау мақсатында «Армысың, ауылым?» атты жобаны жүзеге асырып, жинақталған ой-пікірлер жергілікті атқарушы органдардың назарына ұсынылды. Тасада жүрген талай жастың жұмысы газет бетінен көрініс тапты. Былтыр оқу орындарында өткізген кездесулеріміз де оқырманмен байланысты бекемдеуге оң септігін тигізгені сөзсіз. Алдағы 13 қазанда жастар басылымының алғашқы нөмірінің жарық көргеніне 15 жыл толады. Бағалай білгенге бұл да бір белес. «ARAI»-дың алар асуы көп, абыройы асқақ болсын! Ұжымдағы әріптестеріме шалқар шабыт, мол бақыт тілеймін.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ