Мәдениет

Жамбыл жырларын жатқа оқыды

Жамбыл жырларын жатқа оқыды

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы  «Руханият және тарихтану» орталығының ұйымдастыруымен халқымыздың біртуар перзенті, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың шығармаларын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында  «Жамбыл жырлары» атты өзге ұлт өкілдері арасында ақынның өлең, жырларын мәнерлеп жатқа  айтудан облыстық байқау өтті.

Аталған іс-шараны ақпарат саласының үздігі, қазылар алқасының төрағасы Қалыбек Атжан сөз сөйлеп ашып, келесі жылы еліміз бойынша дүркіреп өтетін Жамбыл Жабаевтың тойы биылғы қарашадан басталып кеткенін, бұл байқау алдағы көктемде халықаралық дәрежеде жалғасын табатынын айтып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай - ақ, жас айтыскер Дидар Апбасов жырдан шашу шашса, танымал әнші, Мәдениет саласының үздігі Мадина Сағымбекова отаншылдық рухтағы Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім!»  әнін нақышына келтіре орындады. Байқау Жамбыл жырларын мәнерлеп жатқа оқу және халық әндерін орындау кезеңдерінен тұрды. Ұлты басқа болса да мемлекеттік тілді қастерлеген үміткерлер Жамбылдың «Камшат қыз», «Бұрымға», «Белсенділер», «Алғыс», «Отанды сүй», «Қайта келген жастық шақ», «Артықша туған азамат», «Балаларға» атты өлеңдерін жатқа оқығанда көңіліміздің толқығаны да рас. Сондай-ақ, қатысушылар  «Дедім -ай-ау», «Угай-ай», «Еркем-ай» , «Сәулем-ай» және басқа да халық әндерін мүмкіндіктеріне қарай орындап жатты. Қара қылды қақ жарған қазылар алқасы шын жүйрікті анықтауда әділдік танытты. Сонымен, қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Жамбыл ауданының үміткері Махаббат Алехановаға бұйырса, бірінші орынға қордайлық Анель Гончарева лайық деп танылды. Екі екінші орынды байзақтық Салтанат Жабаева мен қордайлық Любовь Карченко бөлісті. Қордайлық Тимур Кимге, Т.Рысқұлов ауданының үміткері Жанболат Самарұлына, шулық Сабина Фараджиеваға жүлделі үшінші орын берілді. Сондай-ақ, тараздық Алина Құрбанова, таластық Алина Мамедова, шулық Карина Дакаева, жуалылық Зияда Евлоева ынталандыру сыйлықтарына ие болды.  Қордай, Жамбыл, Байзақ аудандарының жетекшілері де марапатталып, белсенді жұмыстары аталып өтілді. Мұнан өзге қатысушы үміткерлерге бірқатар мекеме, ұйымдардың атынан сыйлықтар берілді. Олардың арасында «Aulieata - media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты  «Aq jol» ,  «Arai»   газеттері бар.

Жиынды осы байқауды ұйымдастырушылардың бірі, қазылар алқасының төрағасы Қалыбек Атжан қорытындылап, жыр алыбына арналған байқау алдағы жылдары халықаралық деңгейде өтіп, дәстүрлі түрде жалғасын табатынын айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ