дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 19:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойы атап өтілді

Жамбылда Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойы атап өтілді
Сурет: Ашық дереккөзден алынды
Айтулы датаға орай, облыстық байқауы өтті

Облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Ақынның терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор. Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік адамгершілік идеяларды толғайды.

Ілияс Жансүгіров әдебиет әлемінде өз халқының ұлттық қазынасына құнды мұралар қалдырған ұлылардың бірі. Ұрпақ үшін оның парасат әлемі, білгір суреткерлігі, зор адамгершілік үлгісі өшпейтін өнеге мектебі. Ұлылардың бойындағы ортақ қасиет көп қырлылық болса, бұл ерекшелік  Жансүгіров талантына тән.

Байқаудың мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды. Байқауға аудандар мен Тараз қаласынан іріктеуден өткен мемлекеттік тілді жетік меңгерген, білім беру саласында жұмыс істейтін 7 үміткерлер қатысты.

Олар  «Жұлдызды сәт» деп аталатын бірінші кезеңде өз өнерін көрсетсе, «Сөздің көркі –мақал» деп аталатын екінші кезеңде оқу, білім, өнер, мәдениет тақырыптарындағы мақал-мәтелдер айтудан өзара айтысқа түсті.

Ал үшінші «Ой ұшқыны» кезеңінде қатысушылар тетік таңдау арқылы отбасы, салт-дәстүр, Ілияс Жансүгіров және басқа да белгілі тұлғалардың шығармашылығы туралы сөз саптаса, «Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» атты төртінші кезеңде әр үміткер 15 сұраққа жылдам жауап берген.4 кезеңнен тұрған байқауда қатысушылар өз өнерлерін көрсетіп, қазақ тілінде сұрақтарға жауап берді. Нәтижиесінде әрбір қатысушылар алғыс хаттармен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бас жүлдені қордайлыққ Елена Юрийқызы иеленсе, Жамбыл ауданынан келген Убатова Камила Апираиловна 1-орынды, тараздық Маслова Кристина Алексеевна ІІ орынды, байзақтық Тензиле Бешлиева  мен таластық  Нури  Амоева иеленді.Облыстық байқаудың жеңімпазы  Елене Юрьевна қазан айында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

Айта кетейік, Жансүгiров Iлияс 1894 жылы 1 мамырда Талдықорған обл. (қазiргi Алматы облысы) Ақсу ауданында туған. Ол алғаш Қараағаш ауылындағы мектепте жадитше оқиды, бұдан кейiн

1919 ж. Ташкенттегi екi жылдық мұғалiмдiк курсқа түседi де, оны бiтiрген соң өз ауылында мұғалiм болады. 1922 жылы Алматыға бiр жола көшiп келiп «Тiлшi» газетiнде әдеби қызметкер болып орналасып, одан кейiн Алматыдағы қазақ ағарту институтының меңгерушiлiгiне тағайындалады. 1925-1928 жылдары Мәскеуде Коммунистiк журналистика институтында оқыды. 1928-1932 жылдары «Еңбекшi қазақ» газетiнiң қызметкерi, 1932-1934 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, 1934 жылдан 1937 жылдың күзiне дейiн Қазақстан көркем әдебиет баспасында редактор болып iстедi. Ақынның лирикалық өлеңдерімен қоса, «Жетісу суреттері» «Күй», «Күйші» сынды классикалық шығармалары – ешқашан ескірмейтін, қайталанбас туындылар. Ал «Құлагер» поэмасын оқымаған қазақ баласы кемде-кем шығар. Ілиястың балаларға арналған өлеңдері өткен өмірдегі шынайы қазақи өмірдің көріністерінен құралған. Ұлт мүддесіне қатысты ойлары баланы жақсы әлемге, оқу-білімге бастайтын игі мақсаттар баланың білімге ұмтылуына мұрындық болатын ұлттық таным екені сөзсіз. «Жазғытұры», «Күз», «Қыс», «Оқимын», «Бөбек бөлеу», «Тас шешей», «Сабын», «Ұршық», «Саптыаяқ», «Күн боламыз», «Элеватор», «Комбайн», «Қазақ үйдің тұрмысы» т.б. өлеңдері бүгінгі тәуелсіз еліміздің балалар әдебиетіндегі үлкен табысы.

Қазақ балалар лирикасы – қазақ әдебиетіндегі кейіндеу пайда болған саласы болғанымен, руханиятымыздың көркемдік кеңістігін байытумен қатар, тәрбиелік-тағылымдық жағынан да толықтырып отырған әдебиет әлемінің үлкен бір қанаты. Соның ішінде, әсіресе, Ілиястың балаларға арналған өлеңдері халықтық педагогикамен ұштасып, баланың дүниетанымына әсер ете алуымен маңызды.

Баршаға белгілі биыл  «Қазақтың үш бәйтерегі»  атанған  Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің туғанына 130 жыл толып отыр.  Осы айтулы мерейтойға орай  елімізде  олардың шығармашылығын насихаттау мақсатында  көптеген   шаралар қолға алынған. «Жыр Құлагері» Ілияс Жансүгіровтің  туған жерінде де айтулы істер атқарылуда.

Iлияс Жансүгiровтың ақындық жолы 1915 жылдардан басталды. Оның жасынан-ақ әдебиетке, өнерге қабiлетi бары байқалды. Көпшiлiк алдында қисса, дастандарды жатқа айтатын, домбыра тартып, ән шырқайтын Iлиясты туған елi «жырау бала» атап кеттi. Ол әдебиеттiң барлық жанрларында қалам тартқанмен, негiзiнде ақындық өнердi айрықша қадiрлеген кiсi. Iлияс Жансүгiров творчествосының алғашқы кезеңiнде халық тiршiлiгiн, әлеуметтiк өмiрдi жырлады. Ел iшiнде жатып iшер жалқаулар мен мал табудың оңай жолын iздейтiн қуларды сынады. Жастарды бiлiм алуға шақырып, оқу-ағарту идеясын насихаттады.

I. Жансүгiровтың творчестволық биiк шыңы – оның поэмалары. Ол 15-ке жуық поэма жазды. Алғашқы «Сарыарқа», «Тiлек» өлеңдері 1917 жылы «Сарыарқа» журналына жолданды. 1928 жылы «Сағанақ» алғашқы жинағы жарық көрді.

Жансүгіров мектептерге арналған оқулықтар мен алғашқы қазақ күнтізбесін жасауға қатысты; әдеби сынмен, қазақ фольклорының шығармаларын басып шығаруға дайындықпен, көркем аудармамен айналысты. Классиктер А. Пушкиннің ("Евгений Онегин", екі поэма және 30 өлең), М. Лермонтов, Н. Некрасов, М. Горький, В. Маяковский, Г. Гейне, В. Гюго, Г. Тукай, А. Лахутидің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ұлттық поэтикалық мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосты, Қазақ ауызша халық шығармашылығының, Абай поэзиясының дәстүрлерін шығармашылықпен дамытты.

Талдықорған қаласындағы Жетісу Мемлекеттік Университеті Жансүгіровтың есімімен аталды.  Қазіргі уақытта республика бойынша мыңдаған іс-шара ұйымдастырылған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар