Жамбылдық жайдарманшылардың жұлдызы қашан жанады?
Жамбылдық жайдарманшылардың жұлдызы қашан жанады?
Бүгінде жастарды тәрбиелеп қана қоймай, қоғамдағы келелі мәселелерді астарлы әзілмен жеткізіп жүрген «Жайдарман» жобасы қанатын кең жайып келеді. Ұлттық арнадан көрсетілетін бұл бағдарламаның рейтингісі де жоғары. Дегенмен соңғы жылдары жамбылдық жайдарманшылардың жағдайы анау айтқандай көш ілгері емес-тұғын. Оның үстіне әлемдік пандемияға байланысты жастардың сүйікті ойыны тұралап қалғаны да жасырын емес. Осы ретте біз жамбылдық жайдарманшылардың жай-күйіне тоқталғанды жөн көрдік.
Жалпы, жайдарман ойындары – қазіргі таңда ауқымды аудиторияны қамтыған, ең ірі жастар қозғалыстарының бірі. Сондай-ақ жастар саясатының бір пұшпағы іспеттес бұл өнер түрі жас таланттардың шығармашылық потенциалын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер берері сөзсіз. Негізінен, жайдарман ойындары жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналған және қазақстандықтар сүйіп көретін телевизиялық жоба ретінде қалыптасты. Бұл ойын алаңының еліміз бойынша мектеп жасындағы жеткіншектермен қатар студенттерді, жұмысшы жастарды қоса алғанда 200 мыңға жуық талантты топтастырғаны көңіл қуантады. Дегенмен, жайдарманға жастар көп жиналатындықтан әлемдік пандемияға байланысты жыл басындағы жоспарлы ойындар өтпей қалғаны жасырын емес. Бірақ, осы уақытқа дейін қол қусырып отырмағаны белгілі. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жайдарманнан» орталық лига ойындарын өткізуді жоспарлаған екен.
Осы орайда жастар саясатының аяқ алысы мен іске асырылуы ілкімденіп, өзгеше жұмыс істейтіні белгілі. Оның ішінде әрине жайдарлы жайдарманшылардың да қосып жатқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен өңірдегі «Жайдарман-Тараз» филиалының жетекшісі Хан Бакирамов та биыл аймақта «Жайдарманның» орталық лига ойындарын өткізуді жоспарлағанын, бірақ пандемияға байланысты оның өтпей қалғанын айтады. Сондай-ақ аталған ойынның басқа да жоспарланған бәсекелері кейінге шегерілген. Соған қарамастан жамбылдық жайдарманшылар қол қусырып, босқа қарап отырмастан «Онлайн-биатлон» сайысын ұйымдастырыпты. Екі апта бойы әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы өрбіген жарыста өңірдің мықты деген әзілкештері бақ сынапты. Соның ішінен әзілі дөп түскен «Мәдениет жігіттері» командасының белді ойыншысы Самат Кеңесбаев топ жарған. Бұл да болса, бүгінгідей уақытта жайдарманшылардың ойыннан «суып» қалмауына өз септігін тигізсе керек.
Өңірдің жайдарманшыларына жауапты азаматтардан білгеніміз, осы уақытқа дейін демеушілерсіз ойнап келген командаларға әкімдік тарапынан қолдау көрсетіле бастапты. Ендігі жерде республикалық бәсекелерде бәсі бәсеңдеп қалған жамбылдық жайдарманшылардың жарқырайтын кезі келді. Себебі, облыстың оң имиджін қалыптастыруда сахнадағы әзілкештердің де алар орны маңызды.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ