Өркен КЕНЖЕБЕК, «Хабар» агенттігі «Арнайы жобалар» қызметінің редакторы:
– «ARAI» мен үшін әманда қаламымды ұштаған қарашаңырақ болып қала береді. Тілші болудың жауапкершілігін осында түсіндім. Жазуға машықтандырды. Шимайымды ширықтырды. Сынады, бірақ сағымды сындырмады. Төске салды, бірақ «балапансың» деп кеудемді таптамады. Деңгейіміз осы ортамен бірге өсті. Ұжым бір атаның баласындай ұйымшыл, бір-біріне жанасаң ұшқын шығарар шақпақ тастай шығармашылық қуаты толық еді. Бұлшық етінің бекуіне байланысты зілтемірдің салмағын көтергендей, біздің де бабымызға қарай алған тақырып, көтерер мәселеміздің жүгін ауырлатты. Солай бекідік. Ұстаздарымыздың әдістемесі дұрыс болғанын уақыт көрсетті ғой. Содан да «ARAI» жастар газеті деген салалық шегіне қарап тарылып қалмады. Леонардо да Винчи неге 2 сағат сайын 15 минуттан ұйықтап тұрды деген танымдық дүниеден бастап, ұлттың өзегін шірітетін мәселелердің түбіне майшам алып түсті. Сондықтан, «ARAI»-да алған тәжірибеммен бір жылға жетпей-ақ, республикалық, ұлттық газет ұжымдарының көзіне түсіп, шақыртуын алдық, Аллаға шүкір! Мені сөз шебері ретінде қайраған алғашқы шеберханамның 15 жылдық мерейтойында бұдан да биік шығармашылық белестерді бағындыруын тілеймін. Он бес жыл бойы оқырманына ойлы сөз, жүйелі ақпарат жеткізіп келе жатқан газеттің қуанышы құтты болсын! Ел газеті болуына тілекшіміз! Сіздер бұған лайықсыздар!
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз