сенбі, 23 қараша, 2024 18:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл
ашық дереккөзі
Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл
Бүгін, қыркүйектің 5-і — Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым, түркітанушы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. 2017 жылы Премьер-Министрдің қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні - Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді. Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы және қоғам қайраткері, Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. 1913-1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Бұл газеттің беттерінде, «Алаш» конституциялық-демократиялық партиясының негізгі идеялары туралы мақалалар жазылған. Осы партияның авторы және жетекшісі ретінде, 1917 жылғы құрылтайда «Алаш-Орда» автономиясын жариялады. Өз заманының ағысына қарсы тұра білген қайраткер. Қазақ халқының рухани көсемі болып, білім алуға және бұқараны ағартуына шақырған. Қазақтың қазақ бола білуіне кеудесіндегі жанын да аямаған. Халық үшін, халықтың мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет еткен. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алды. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кірісті. Ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынов жазуы» дүниеге келген. Сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты әліппе оқулығын жазған, одан соң қазақ тілінің граматикалық құрылымын талдап беру мақсатында «Тіл құралды» жазған. Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы 20 ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Байтұрсынұлының тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. А.Байтұрсынұлының құрметіне Қазақстанның көшелері мен мектептері, тіл білімі институты, Қостанай қаласындағы университет аталды және көрнекті қайраткердің құрметіне мұражай үйі мен ескерткіші ашылды. 1937 жылы 8 тамызда қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар