Қазақстандық әуе компаниялары 14 жаңа ұшақ сатып алады
Қазақстандық әуе компаниялары 14 жаңа ұшақ сатып алады
Осы жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын жаңа әуе кемелері пайдалануға берілетін болады. Атап айтқанда, «SCAT» авиакомпаниясы 9 ұшақ, «Fly Arystan» – 3 және «Air Аstаnа» 2 ұшақпен толықтырылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Telegram-дағы каналында жазды. Ведомство басшысының пайымдауынша, бүгінгі таңда әуе көлігіндегі жолаушылар ағынының күрт өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр. «Қалыптасқан мәселені жедел шешу мақсатында қазақстандық авиатасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырдым. Осылайша, жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа ұшақ пайдалануға берілетін болады. Аталған шаралар тасымалдау сыйымдылығын едәуір арттыра түспек», – деп жазды министр. Сонымен бірге әуе тасымалдарына қатысты сұраныс жылдан жылға артып келе жатқандықтан, қазақстандық әуе кемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаятыны мәлім болды. Жалпы рейстердің кешігу фактілері бойынша түсіп жатқан шағымдарды ескере келе, ИИДМ басшысының тапсырмасы бойынша Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тиісті тергеу амалдарын бастап кетті. Егер жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталса, тиісті авиакомпаниялар әкімшілік жауапқа тартылатын болады. Сандарды сөйлетсек, қазіргі уақытта әуе кеңістігінде жолаушыларды 75 ұшақ тасымалдайды. 2022 жылдың жарты жылында тасымалданған жолаушылардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсіп, 4,6 млн жолаушыны құрап отыр. Пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда өсім 28 пайызды құрайды.