Б.Сапарбаев Қазақстандағы Литва елшісімен кездесті
Б.Сапарбаев Қазақстандағы Литва елшісімен кездесті
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Литва Республикасының Қазақстан, Қырғыз Республикасындағы және Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлиспен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері мен алдағы жоспарларды талқылады. Аймақ басшысы мемлекеттер арасындағы өзара тығыз байланысты ескере келе, елдердің өңірлері арасындағы ынтымақтастықты да нығайта түсу қажет екенін атап өтті. Облыс туралы жан-жақты ақпарат беріп, әлеуетті инвесторлар мен туристер үшін тартымдылығын тілге тиек етті.
Өз кезегінде Литва Республикасының Елшісі жылы шырайда қабылдаған облыс басшылығына алғысын жеткізді.
Гинтаутас Васюлис туризм, "жасыл" экономика, медицина салаларында қарым-қатынасты нығайта түсудін негізі зор екенін атап өтті. Облыс әкімі барлық ұсыныстар міндетті түрде ескеріліп, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендірді. Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Таразда бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, өңір кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.