Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакциналау азаматтардың келісімімен ерікті түрде жасалады және 18 жасқа толмаған балаларға екпе салынбайды, деп хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілдері мектеп жасындағы балаларды вакциналау мәселелері бойынша азаматтардың өтінішіне байланысты COVID-19 екпе салу тәртібі мен ережесін түсіндірді.
«Халық денсаулығы туралы» Кодекстің 77-бабы негізінде кез келген екпе, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау ерікті түрде жүзеге асырылады. Азаматтар вакциналаудан жазбаша түрде бас тартуға құқылы. 18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ, сондықтан бұл жастағыларға екпе салынбайды.
КВИ-ге қарсы вакциналау эпидемиялық маңыздылығын ескере отырып, кезең-кезеңімен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі. Биыл 1 ақпанда басталатын бірінші кезеңде инфекциялық аурухана, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қабылдау бөлмелері, санэпидқызметтің медицина қызметкерлері вакциналана алады. Ал 1 наурызда басталатын екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, ЖОО-дың педагогтері, медициналық қызметкерлер екпе алса, 1 сәуірден бастап үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтері, студенттер және созылмалы аурулары бар адамдар екпе салдырады.
Иммундау алдында егу салдыратын адамға профилактикалық егу, ықтимал реакциялар мен кері әсері, сондай-ақ егуден бас тарту салдары туралы толық ақпарат беріледі. Ерікті түрде ақпараттандырылған келісім немесе бас тарту қағазы ресімделеді (ҚР ДСМ 13.06.2018 ж. №361 бұйрығымен бекітілген «Халыққа профилактикалық егулерді жүргізу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» БК 1-қосымшасына сәйкес). Сондай-ақ әдістемелік ұсынымдарға 2-қосымшаға сәйкес егілгендерге сауалдама жүргізіледі.
Әйелдерге вакцина салмас бұрын жүкті емес пе, бала емізбей ме, соны анықтау қажет (күмәнді жағдайда жүктілікке тест жасауды және/немесе вакциналау мерзімін ауыстыруды ұсыну).
Сонымен қатар вакцинаның қауіпсіз екенін ескерген дұрыс. Кез келген лицензиясы бар вакцина бірнеше сатыдан тұратын жіті тексерістен өтеді, содан кейін ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Вакцина нарыққа түскенен кейін де үнемі бақылауда болады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз