МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
Мамандық таңдау деген - өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Халқымызда «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек. Мамандық таңдау – маңызды қадам. Ұлы Абайша тәмсілдегенде өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Ал бұл тұрғыда маман даярлайтын ұстаздарға жүктелер жауапкершілік жүгінің ауқымы өте зор.
Маман даярлау заман ағымына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілігін шыңдауды қажет етеді. Әлемдегі беделді, жетекші оқу орындарының тәжірибелеріне сүйенер болсақ, педагогтар маман дайындаумен шектелмей, соның ішінде қоғамға қажетті кадр даярлауға жете мән беруіміз керек. Бұл мамандардың жұмыс берушілер талабына ғана емес, қоғам талаптарын қанағаттандыруы болып табылады. Бүгінгі өзгерістер – әлем тарихында болмаған жаңа мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар дәуірі. Мамандық таңдау – әр адамның өміріндегі өте маңызды кезең. Болашақ өмірге бағыттау, мамандық таңдауға неғұрлым сәтті қадам жасалған сайын, өмірлік жол соғұрлым қызықты және табысты болады. Бастауыш сынып жасынан оқушыларға мамандық таңдауда табысты мансап, биік бедел, жоғары жалақы, сұраныска қажеттілік екендігін жете түсіндірген абзал. Мамандықтар негізінен сыртқы тиімділігі бойынша таңдалады. Осы кезеңде мінездің психологиялық ерекшеліктері, физикалық мүмкіндіктері ескерілмейді. Бұл көптеген қателіктерге ұрындырады. Өйткені адам санасындағы мамандық тағдырмен, өмірлік мақсаттармен байланысты. Мектепте кәсіптік бағдар беру жұмысының басты көздеген мақсаты – оқушыларға, олардың ата-аналарына сұранысқа ие мамандықтарды дұрыс және уақтылы бағдарлау, болашақты таңдауда қателеспеуге көмектесу бағытында жүргізу. Оқушыларға болашақ мамандықтарын таңдау барысында, кәсіптік өзін-өзі анықтау мәселесінде білім берудің жаңа мазмұнына сәйкес бағыт-бағдар жұмыстарын ұйымдастырған жөн. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналарының көпшілігі қазіргі білім алу саласындағы барлық мамандықтар жайлы толық ақпараттарды біле бермейді. Сондықтан оларға жан-жақты ақпараттық көмек берілуі қажет. Абдыханова Ғ.Т. – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы