Қостанай облысында өрт салдарынан баспанасыз қалғандарға жаңа үйлер салынады — Әлихан Смайылов
Қостанай облысында өрт салдарынан баспанасыз қалғандарға жаңа үйлер салынады — Әлихан Смайылов
❗️ Қостанай облысында өрт салдарынан баспанасыз қалғандарға жаңа үйлер салынады — Әлихан Смайылов ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қостанай облысындағы алапат табиғи өрттердің салдарын жою мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді. Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев күрделі метеорологиялық жағдайға, ауа температурасының 36 градустан асуына байланысты Қостанай облысында, әсіресе орман алқаптарында күрделі өрт жағдайы қалыптасқанын баяндады. 43 мың га орман шаруашылығы өртке оранды. Қазіргі уақытта 1 841 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Жедел желі ашылып, зардап шеккендермен психологтар жұмыс істеп жатыр. 10 адам зардап шекті, бір адам қайтыс болды. 108 үй-жай жойылып, бүлінген. Өрт сөндіруге жеке құрамнан 600-ден астам адам және 100-ге жуық техника жұмылдырылды. Тікұшақтар іске қосылды. Жедел штаб жұмыс істеп жатыр, ҚР ТЖМ басшысы оқиға орнында жүр. Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктеріне және Қостанай облысының әкімдігіне тұрғындар мен ауыл шаруашылығына келтірілген залалды бағалауды тапсырды. Қаржы және Ұлттық экономика министрлігіне Үкіметтің резервінен өрттен келтірілген залалды өтеуге қаражат бөлу туралы қаулы жобасын дайындау тапсырылды. ❗️ Сонымен қатар Әлихан Смайылов баспанасынан айырылған азаматтар үшін жаңа тұрғын үйлер салу жұмысын шұғыл бастауды тапсырды. «Құрылысты қысқа мерзімде аяқтау үшін жедел жұмыс істеуіміз керек. Бұл мәселе – Президенттің жеке бақылауында», — деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Қостанай облысының зардап шеккен аудандарында көлік қатынасын қалпына келтіру және барлық инженерлік және инфрақұрылымдық объектілердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, қажет болған жағдайда зардап шеккен фермерлерге және жеке қосалқы шаруашылық иелеріне көмек көрсету тапсырылды. Сондай-ақ Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетуді, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, әлеуметтік көмек көрсетуді, Ішкі істер министрлігіне эвакуация аймақтарында азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін және мүлкінің бүлінбеуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ халық арасында отты абайсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.