«Жарнама жасадым, бірақ, ақша құйған жоқпын». Экс-блогер Дәулет Мұқаев жеңілдіктен дәмеленіп рұқсаты жоқ үйді жарнамалаған
Алматыда үлескерлерден ақша алған DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінің құрылысын әкімдік тоқтатып қойды
Бүгін бір топ азамат, дәлірек айтсақ Алматыдағы жаңа ықшам аудандарының бірінен комфорт класты үй аламыз деп үміттенген азаматтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеүндеу жариялап, мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевқа қатысты шара қолдануды сұрады, деп жазады jambylinfo.kz.
Олар қазіргі таңда құрылыс жұмыстары тоқтап тұрғанын айтады. Себебі үшінші теміржол вокзалы салынатындықтан, әкімдік құрылысты тоқтатқанын атап өтеді.
Аталған мәселе бойынша редакция тілшісі депутат Дәулет Мұқаевқа хабарласты. Бірақ, ол бұл мәселе бойынша екі апта бұрын, яғни, 28 қаңтар күні ютуб-арналардың біріне сұхбат бергенін, пікірі керек болса, сол сұхбаттан алуымызды сұрады. Тілшіміз сұхбатты толық қарай келе, Мұқаевтың осы компанияға қалай келгенін, жақсы жеңілдік жасаймыз деген соң Алматыдағы пәтердің бағасы қымбат екенін біле тұра тағы бір пәтерді жеңілдікпен алғысы келгенін естідік.
Осылайша, Дәулет Мұқаев үйдің ресми рұқсат қағазын көрместен, құрылыс компаниясының жеңілдігін алғысы келіп, өзінің миллиондаған аудиториясына осы құрылыс компаниясын жарнамалай бастаған. Оның үстіне депутат кезінде Астанадағы құрылыс компаниясына өзі де алданғанын, бірақ, ол үшін ешкімді кінәламайтынын айтады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 50-ден аса салымшы «арзан бағада пәтер аламыз деп сан соғып қалғанын» қазақстандық БАҚ беттері жариялаған. Салымшылардың компанияның жарнамасын сол кездегі блогер Дәулет Мұқаевтың парақшасынан көрген. «Менің атымнан барсаңыздар, 20 пайыз жеңілдік» деген Мұқаевтың сөзіне сенген азаматтар ақшаларын рұқсат қағазы жоқ тұрғын үй кешеніне салған.
Осы ретте біз депутат Дәулет Мұқаевқа осы мәселе бойынша Бас прокуратураның қандай қызметкерлері консультация бергенін анықтау үшін құзырлы органға тиісті ресми сауал жолдадық. Бұл тақырып редакция назарында болады.