Қоғам

15 мың теңге шотыңызға түсті ме?

15 мың теңге шотыңызға түсті ме?

Коронавирус пандемиясы салдарынан елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен халықты әлеуметтік қолдауға арналған шаралар қабылданғаны белгілі. Мәселен індет елімізді жайлай бастағанда төтенше жағдай режимі жарияланып, ізінше зейнетақы мен жәрдемақы көлемі артты. Кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер жасалып, несиесін төлеу кейінге қалдырылып, жалпы жұртшылықтың да екінші деңгейлі банк алдындағы несиесін төлеу мерзімі үш айға дейін кейінге шегерілді. Індетпен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің жәрдемақысына үстемақы қосылып, қажет болғанда өтемақы да төленді. Тұрмысы нашар отбасылар үшін азық-түлік себетінің орнына ақшалай көмек көрсетілді. Табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалып, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататындардың ішінде жекелеген санаттағы азаматтарға коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңгеден берілді.

Соның ішінде І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және көпбалалы аналар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасы, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілгендер, төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер үшін жергілікті әкімдіктер коммуналдық қызмет жеткізуші мекемелермен келісімшарты барлардың дербес шотына сәуір-мамыр айлары үшін 15 мың теңгеден аударды. Аталған қаржы газ, су,жылу, электр энергиясы, қоқыс шығару сынды қызметтер үшін беріліп отыр. Бұл мемлекетіміздің халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына баса назар аударып, карантиндік режим кезінде тұрмысы тұралаған тұрғындардың қолтығынан сүйеуге ұмтылғанын көрсетеді. Бірақ Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары өз міндетіне жүрдім-бардым қарап, қала тұрғындарының кейбіріне тиісті 15 мың теңгелік коммуналдық төлемді әдейі аудармай отырған сыңайлы. Өйткені мемлекет тарапынан көрсетілген осы көмек түрін «алмадық» деген тұрғындардың пікірі осыған саяды. – Мен 5 баланың анасымын. Күйеуіммен айырылысып кеткенмін, жасым 36-да. Балаларымның барлығы да мектеп жасында. Бұрын жұмыссыз жүрген кезімде мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алғанмын, қазір ол санатқа жатпаймын. Себебі биыл кенже ұлым 3 жасқа толғаннан кейін, мемлекетке масыл болмайық деген оймен, бір мекемеге тазалаушы болып жұмысқа тұрдым. Айлығы төмен болса да, балаларымды асырауым керек. Осы жылдың қаңтар айында «Қарасу» ықшамауданынан Тараз қаласының әкімдігі жатақханадан екі бөлмелі баспана берді. Мұнда уақытша тұрсақ та, коммуналдық төлем үшін тиісті мекемелермен жасасқан келісімшарт бойынша түбіртек менің атыма келеді. Демек көпбалалы ана ретінде осы көмек түрін алуға менің де толық құқым бар. Сол үшін Тараз қаласы бойынша коммуналдық төлемге өтініш беру мақсатындағы әлеуметтік желіде телефон номері көрсетілген call-орталық арқылы өтініш бергенмін. Десе де елдің алды аталған көмекті ала бастағанда бізге ол түспеді. Осыдан кейін Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөліміне бардым. Ондағы қызметкерлер база жұмыс істемей тұрғанын айтып, қайтарып жіберді. Екінші мәрте барғанымда «карантиндік режим күшейтілді» деп ішке кіргізбей қойды. Үшінші мәрте қайырылғанымда Мақсат есімді жас бала «Сіз өтінім бермепсіз. 15 мың теңгелік коммуналдық төлем үшін өтінім қабылдау 25 шілдеде аяқталды. Сіз қайта-қайта келіп жүргенге өтінім берген екен деп жүрсек, осы күнге дейін неге өтінім бермегенсіз?!» деп кінәні өзіме аудара салды. Сонда мен ол мекемеге үш мәрте өзімді көрсету үшін емес, қайтсем мемлекет берген осы көмек түрін аламын деп барып жүрдім ғой. Ондағылар біресе анау, біресе мынау деп уақытты әдейі оздырғанға ұқсайды. Мен секілді сабылып жүргендер жетеді. Бәрінен де жағдайы бар бола тұра көп балалы отбасы ретінде коммуналдық төлем алып отырған ауқатты отбасыларды көргенде, өзіңнің шеттетіліп қалғаның өзекті өртейді екен, – деді қала тұрғыны Назгүл Думанқызы. Мәселен «Қаратау» ықшамауданының тұрғыны Санира Ондыбаева да бес баланың анасы. Балаларының үшеуі мектеп жасында. Өзі үйде бала қарап отырса, отағасының бір айлық табысы бар. – Жақында ауылға барып келдік. Ондағы жағдайы төмен тұрғындар мемлекет көрсеткен кез келген көмекке қарық болып жатыр. Ал біздің Таразда оған қол жеткізу қиын шаруа ма деп қалдым. Ипотекамен алған баспанамыз үшін ай сайын 80 мың теңге құямыз. Төтенше жағдай кезінде жұрт алған 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді де ала алмадық. Ендігі үмітіміз осы 15 мың теңгелік коммуналдық төлемде болып еді, бұл да түскен жоқ. Уақытында qamqor-taraz.kz сайты арқылы өтінім бергенмін. Жолдасым намысшыл, осы күнге дейін «жағдай айтып, тиісті мекемелердің есігін қағушы болма» деп мені үйден шығармап еді. Енді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөліміне барып, мән-жайды білуім керек болып тұр, – деді Санира Сейтқазықызы. Жалғызбасты зейнеткер – Дамеш Өтеқызы жұрт қатарлы коммуналдық төлем үшін өтініш бергенін, алайда электр энергиясы үшін 4-ақ мың теңге түскенін айтты. Арада біраз уақыт өтсе де басқа коммуналдық қызметтер үшін әлі төлем жасалмапты. Ол қалған соманың артынан іздеу салуды жөн деп таппаған. Оның сырын коммуналдық қызмет алдында қарызының болмауымен байланыстырды. Гүлнұр Бибазарова есімді тағы бір қала тұрғыны 15 мың теңгелік комуналдық төлем үшін тиісті call-орталыққа қайта-қайта хабарласып жүріп, қалалық 94-11-62 номері арқылы маманмен тілдесіп, көпбалалы ана ретінде бала санын, мекенжайын нақты көрсетіп өтінім беріпті. Бірақ коммуналдық қызмет көрсетуші бір де бір мекеменің дербес шотына әлі күнге төлем жасалмаған. Біз Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатыныстары бөлімінің бас маманы Мақсат Рақымбекұлымен сөйлесіп, тұрғындардың уәжін жеткізгенімізде, ол электр энергиясына 4 мың теңге аударылса, қалғаны басқа комуналдық қызметтер үшін түбі бір түсетінін, мұндай жайт төлем бір мекемеге кеш, бір мекемеге ерте аударылғандықтан орын алатынын жеткізді. Сондай-ақ ол төлем тұтынушының мекеме алдында қарызы жоқ болса да, әлеуметтік төлемнің келесі айдың есебінен төленетінін айтты. Назгүл есімді кейіпкеріміздің уәжін алға тартқанымызда, ол «шілденің 25-інен кейін берілген өтінім қабылданбайды» деп шорт кесті. – Тараз қаласында белгіленген санатқа жататын 34 425 азамат анықталды. Осы жылдың сәуір және мамыр айларында нақты тұтынылған коммуналдық қызмет төлемдерін өтеу үшін Тараз қаласына республикалық бюджеттен 1 миллиард 142 миллион 190 мың теңге бөлінген. Оның 571 миллион 95 мың теңгесі белгіленген мерзім ішінде өтінімдер түспеуіне байланысты қазынаға кері қайтарылады. Қазіргі таңда, нақты игерілген қаржы – 397 миллион 770 мың теңге. Төтенше жағдай режимінде коммуналдық қызметтерге 15 мың теңге көлемінде төлемақы алу үшін түскен өтінім саны 14 662-ні құрайды. Қабылданған өтінімдер бойынша әлі де талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен мамыр айының басында өтінім берген 7 449 азаматтың абоненттік есепшоттарына 15 мың теңгеден екі айға 223 миллион 470 мың теңге төлем жасалды. Қалған 6 174 азаматтың өтініміне шілде айының соңында талдау жасалып бітті. Оның ішінде 364 өтінімде көрсетілген мекенжайдағы жеке есепшоттарды коммуналдық қызмет жеткізіп беруші мекемелер таба алмаған. Себебі осы тұрғындар өтінім бергенде түсініксіз, қалада жоқ көшенің аттарын жазып қойған. Қазіргі таңда 5 810 өтінім бойынша екі айға бірден 174 миллион 300 мың теңгеге төлем аударылды. Сонымен қатар 1 мың 39 өтінім бойынша азаматтар өзінің мекенжайын дұрыс көрсетпеуіне байланысты өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді М.Рақымбекұлы. Бұдан бөлек Мақсат Рақымбекұлының «call-орталық арқылы өтінім беріп, алайда qamqor-taraz.kz базасына кіргізілмеген азаматтардың өтінімдері қосымша жинақталып жатыр, қазіргі таңда 56 азаматтың өтінімі қабылданды» деуі бізді терең ойға батырды. Өйткені «коммуналдық төлем түспеді» деп жүргендердің көбісі өтінімді call-орталық арқылы берген. Демек олардың өтінішін қабылдауда тиісті мамандар салғырттық танытқан. Одан бөлек сall-орталық арқылы өтініш беріп, төлем жасалмағандықтан Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміне қайырылған азаматтарға аталған бөлімнің «сіздер мекенжайды дұрыс көрсетпегенсіздер» деп жауап қайыруы тығырықтан шығу үшін айтылатын әккі сылтау ма деп қалдық. Әйтпесе, мыңнан астам тұрғынның барлығы бірдей өтінім бергенде өз мекенжайын дұрыс айтпайтындай немесе қате жазатындай сауатсыз емес шығар? Бұлай деуге кезінде сall-орталық арқылы өтінім бергендердің дерегі уақытында qamqor-taraz.kz базасына кіргізілмей қалуы, бүгінде тиісті бөлімнің осы шаруамен айналысып жатуы негіз бола алады.

Нұрым Сырғабаев