«2 мың оқушымен жұмыс істейді»: мектеп психологтарының мәртебесі мен жалақысын көтеру ұсынылды
Сенатордың айтуынша, кейбір мектептерде бір психолог екі мың оқушымен жұмыс істейді
Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев мектеп психологтарының мәртебесін көтеруді және жалақысын өсіруді ұсынды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Депутаттың пікірінше, елімізде, әсіресе ауылдарда психологиялық көмек көрсету жүйесі нашар дамыған. Осының кесірінен проблемалар дер кезінде анықталмайды және жастарға психологиялық көмек көрсетілмейді.
Сенатор балалардың психологиялық жағдайы мен мінез-құлқындағы алғашқы проблемалар мектепке дейін және мектеп жасында анықталатынын айтады. Сондықтан педагог-психологтардың оқушыларға жеке дара қолдау жасауға қол жеткізу мүмкіндігі және оның сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Алайда бұл салада бірқатар проблема бар.
Осы мәселені шешу үшін депутат мектеп психологтарының сан жөніндегі нормативін есептеуді қайта қарауды және сынып санына түзетулер енгізуді ұсынды.