Қоғам

«5-10-20»-мен баспаналы болыңыз!

«5-10-20»-мен баспаналы болыңыз!

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Шаңырақ 5-10-20» пилоттық жобасы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Бердияр Құттыбаев пен клиенттерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірманова аталған бағдарлама арқылы пәтерге ие болу шарттарын түсіндірді.

Мәселен осы жылы өтінімдер 1986-2020 жылдар аралығында әкімдікте пәтер кезегінде тұрған Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларынан және банк салымшысы болмаса да баспанаға зәру адам ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардан қабылданады. Бұдан бөлек бағдарламаға қатысу үшін соңғы 6 ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 101 271 теңгеден артық болмауы керек. Егер табысы несиені өтеуге жеткіліксіз болса, онда 2 қосалқы қарыз алушыны тартуына болады. – Ең жоғарғы заем сомасы жеке құрылыс салушы компаниялар ұсынған жаңа үйлердің бағасына байланысты. Сондықтан еліміздің әр аймағында әртүрлі. Мәселен Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар бойынша несие 18 миллион теңгеге, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент және Қарағанды қалалары, сондай-ақ Қарағанды облысында 15 миллион теңгеге, өзге аймақтарда 12 миллион теңгеге дейін беріледі. Тұрғындар пәтерді бірінші нарықтағы, яғни өзі кезекте тұрған аймақтағы жаңадан салынған тұрғын үйлерден сатып ала алады. Баспана алу үшін өтінімді электрондық түрде беруге болады, – дейді Бердияр Қадырбекұлы. Баспана алуға ниетті тұрғынның атында несие болса, ол төлем қабілетіне әсер етуі мүмкін. Басқа несиелер бойынша уақытылы өтелмеген қарыз пәтер алуға кедергі жасайтындықтан, оны жабуы қажет. Жұлдыз Мейірманованың айтуынша, биыл еліміз бойынша 1300 отбасы осы бағдарлама арқылы үй алса, оның 68-і әулиеаталық екен. Қазір облыста тағы да 101 адам үй алуға өтініш беріп, өздерінің төлем қабілеттерін растап үлгеріпті.

  Нұрым Сырғабаев