Ақпараттық топ халықпен кездесу жұмыстарын жалғастыруда
Ақпараттық топ халықпен кездесу жұмыстарын жалғастыруда
Осы аптада Қордай ауданына келген «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» тобының мүшелері елді мекенді аралап, халықпен кездесу жұмыстарын жалғастыруда. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында құрылған топ тұрғындардың тұрмысын, әл-ауқатын зерделеп, проблемалық мәселелердің шешу жолдарын қарастыруда. Бұл жолы «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» тобы «Колхоз» зонасындағы Сортөбе, Масанчи, Ауқатты және Қарасу ауылдарында болды. Әдеттегідей бірінші кезекте ауыл тұрғындарының қатысуымен жиналыстар өтіп, кейіннен қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Жиын барысында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков өздерінің келу мақсатын түсіндіріп, Президенттің 1-қыркүйек күні Қазақстан Халқына арнаған Жолдауынан туындайтын мәселелерге тоқталды. Өз сөзінде Жорабек Баубеков әлеуметтік мәселелердің ең өзектісі – жұмыссыздық мәселесін, сонымен қатар зейнетақы, бірыңғай жиынтық төлем, қысқа мерзімді кәсіптік білім мәселелеріне қатысты ақпаратты тарқата айтты. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов болса медицина саласындағы мәселелерді баян етті. Қоғамдық қабылдау барысында ауыл тұрғындары әр түрлі проблемаларын алға тартып, мамандардың ақыл-кеңесіне жүгінді. Сондай-ақ, «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» тобының мүшелері бірнеше үйді аралап, көмекке мұқтаж азаматтардың проблемаларын көңілдеріне түртіп, шешу жолдарын қарастырды.