Қарағандыда майдангер Григорий Степенконың 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 11 сәуір, 2025
- 148

Қарағандыда Ұлы Отан соғысының ардагері Григорий Петрович Степенконың ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ардагерді құттықтауға Қарағанды облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері, жергілікті билік өкілдері, ауған соғысының ардагерлері, қала мектептері мен колледждерінің оқушылары жиналды.
Салтанатты жиында Қорғаныс министрінің атынан арнайы құттықтау хаты табысталып, департамент бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов жүрекжарды лебізін білдірді.
– Жанымызда тарихтың тірі куәгерінің жүруі – үлкен мәртебе. Сіз – батылдық пен ерліктің символысыз. Жастар сізден үлгі алуы тиіс. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және рухани байлық тілеймін, – деді ол.
Мерейтойға арналған концерттік бағдарлама жүректерді тербеді. Алғыс пен жылы лебіздер, бейбіт күн мен татулық туралы тілектер айтылды. Ардагерге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды. Жиналған қауым оның соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірге қосқан үлесін зор ілтипатпен атап өтті.
Мерейтой иесі де жас буынға өз аманатын жеткізді.
– Өздеріңе сенімді болыңдар. Ел мен жерді қорғау – қасиетті борыш. Бейбітшілік үшін жанын қиғандарды естен шығармаңдар. Біз қандай ауыр жолмен жеңіске жеткенімізді ұмытпай, абыроймен өмір сүріңдер, – деді Григорий Петрович.
Григорий Степенко 1925 жылы 10 сәуірде Воронеж облысының Нижний Ровинка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Павлодар облысындағы Лозов аудандық әскери комиссариатынан Қызыл Армия қатарына шақырылған. Соғыста пулеметші ретінде алғаш майданға аттанып, Курск-Орловск доғасындағы қанды шайқастарға, Белгород, Орел, Харьков, Курск, Варшава мен Кёнигсбергті азат етуге қатысқан. Днепрді кешіп өту кезінде ерлік танытқан. Кейін 56-гвардиялық атқыштар полкі, 19-гвардиялық дивизия, 39-армия құрамында Жапониямен болған қақтығыста Қиыр Шығыстағы шайқастарға қатысқан.
Оның ерлігі елеусіз қалған жоқ – II дәрежелі Отан соғысы ордені, II дәрежелі Даңқ ордені, сондай-ақ «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.
Бейбіт өмірде де елге еңбегі сіңді. 1951 жылы Қарағандыға келіп, «Шахтострой» басқармасына қарасты цемент зауытында жұмыс істеді. Кейін теміржол көлігімен жүк тасымалдау саласында бас бақылаушы болды. 1980 жылы зейнетке шыққан.