сенбі, 23 қараша, 2024 9:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ардағым, асылым-ай!

Ардағым, асылым-ай!
ашық дереккөзі
Ардағым, асылым-ай!

Біз Болат аға екеуміз бір ауылдың тумасымыз. Талас ауданы, Ойық ауылынан алты шақырым жерде жатқан Сейілбек (Бестам) ауылынанбыз. Оның үстіне Бөкеңнің әкесі Үмбетәлі мен менің атам Әбді замандас болған жандар. Мен өмірге келгенде Болат ағам 14-15 жастағы бозбала екен. «Сондай томпақ, сүйкімді едің. Мойныма талай көтердім ғой. Бүлдіріп те қоятынсың», деуші еді жарықтық! Мен ес білгенде Бөкең нағыз өнердің ортасында жүрді. Институт бітіріп ауылда мектепте жүргенімде Бөкең сырттай бақылап жүреді екен ғой. Аудандық газетке жазған мақалаларымды оқып тұрады екен. Жалпы, журналистикаға келуіме Бөкең себеп болды. Ұстазым, ақылшым, тіреуім болды. Қайран, Болат аға! Тұнып тұрған шежіре еді. Расында, осы Жамбылдың мәдениеті, әдебиеті мен тарихының арғы-бергі кезеңінен там-тұмдап тұрып әңгіме айтқанда айызың қанатын. Онда да, өзі өнер адамы болғандықтан кей кейіпкерлердің образына да кіріп кетуші еді. Қазына еді ғой. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. «Болаттың бешпентінен» шыққан журналистер бүгінде республикалық, облыстық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүр. «Газет күні» қуырып жіберетін Бөкең қалған күндері емен-жарқын әңгімесін айтып, тәмсілдерін тыңдаушы едік. Иә, қазір соның барлығын сағына еске алатын болдық. Қайран ағам-ай!

АМАНАТ

Ағам науқастанып қалғалы бері жанынан жиі табылатын болдым. Оның үстіне жиі іздеп, шақырып тұрды. Өткен ғасырдың басында Талас өңірінде Қошан Жантасбайұлы деген ақын өткен. Соның мұраларын екі жақтап жинаған едік. Қала берді, Бөкең «Қошан ақын және оның айналасы» деген тақырып тапты да, сол кезеңдегі айтыс өнерінде сөзі қалған ақындар жайында тағы да қосымша деректер тапты. Оған өзім де таң қалдым. Дап-дайын ғылыми еңбек. Бүгінде барлық дерек көздері расталып, өлеңдері таңбаланып, дайын тұрған еңбекті баспаға «әне береміз, міне береміз» деп жүргенде Бөкең науқастанып қалды. Соңғы демі үзілгенге дейін қағаздан бас көтермеген қайран ағам осы еңбекті аманаттап кетті. Аманатыңыз орындалады, асыл аға! Жақсы аға! Қайран аға! Бақұл болыңыз, Болат аға!

 

Ерман ӘБДИЕВ, журналист

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар